Талдықорғанда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңі өтуде. Дәстүрге айналған бұл бәйге жас зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын оятып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуда. Ілім мен ғылымға талпынған өрендер бас қосқан додаға 8 аудан, 2 қала және 3 мамандандырылған мектеп-лицейден оқушылар қатысып, өз жобаларын сарапқа салды. Үздік деп танылған жобалар алдағы уақытта республикалық кезеңге жолдама алып, өңір атынан сынға түспек.
Ғылыми ой жарыстырған дарынды жастар өз жобаларында экология, цифрлық технология, ауыл шаруашылығы, астрономия, медицина және әлеуметтік сала мәселелерін қамтып, қоғамға қажет тақырыптар бойынша тың шешімдер ұсынды. Комиссия мүшелеріне ұсынылған 237 жобаның әрқайсысы өздігінше ерекше, өзекті әрі терең талдауларға толы.
Бақдәулет Жолмырза ғылыми жобалар байқауына биыл үшінші мәрте қатысуда. Ол жыл сайын түрлі зерттеулермен келеді екен. Биыл да өзгеше жоба жасап шыққан. Яғни жер магнитудасының ауытқуларын анықтау құрылғысына қажетті бағдарлама жасаған. Тіпті ол үлкен абсерваторияда арнайы бақылау арқылы деректерді талдап бере алатынын айтады.
– Алдыңғы жылы шетелдік обсерваториялардың деректерін қолдана отырып жұлдыздарға зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Осы жылы жер магнитудасының ауытқуларын анықтау арқылы адамдарға қандай зияны бар екенін дәлелдейтін жоба әзірлеп әкеліп отырмыз. Мұндай жарыстар біздің ғылымға деген құштарлығымызды одан ары арттырады. Келешекте елге пайдасы тиетін ірі-ірі жобалармен айналысқым келеді, – дейді Бақдәулет Жолмырза.
Жас ғалым бұған дейін күн дақтары мен күн жарқылдарының жердегі табиғи өзгерістерге тигізетін әсерін зерттеп, ғарыштық құбылыстар мен Жер арасындағы байланысты дәлелдеуге талпыныпты. Ондағы нәтижесі де жаман емес. Ғылымға деген ынтасы, жауапкершілігі бүгінгі жеткіншектердің дамуға деген талпынысының айқын көрінісі екенін айта кеткен жөн.
Биылғы байқауға 281 талапты жас қатысып, 19 бағыт бойынша тың ғылыми ұсыныстарын ортаға салды. Бұл өңірімізде ғылыми ойдың деңгейі, зерттеуге деген қызығушылық жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытып қана қоймай, елдің интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруда зор рөл атқаратынын айтады.
«Жетісу дарыны» орталығы директорының орынбасары Еламан Бекетаев:
– Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыру, зерттеушілік қабілеттерін дамыту және олардың шығармашылық әлеуетін ашу. Біз жастардың ғылымға деген қызығушылығын қолдап, олардың жаңа идеялар ұсынуына жағдай жасауды көздейміз. Байқауда жеңіп шыққан жеңімпаздарға I, II, III дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар, жеңімпаздар алдағы уақытта Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды, – деп пікір білдірді.
Жетісу жастарының ғылымға деген ынтасы мен талаптылығы алдағы уақытта да талай жаңалықтың игі бастамасына айналары сөзсіз. Жас ғалымдардың жолының ашық болуына қашанда тілекшіміз.





