Балпық би ауылдық округінде де шағын бизнес бағыты жүйелі дамып келеді. Ағаш өңдеу ісін табыс көзіне айналдырған шебер Айболат Махай еңбек жолын 2007 жылы қарапайым қолөнерден бастады.
Қазір оның қасында төрт адам еңбек етеді. Екі маман – ағаш ұсталығының қыр-сырын жетік меңгерген шеберлер. Заманауи станоктар, фрезерлік құрылғылар, ЛДСП, МДФ, құрастырмалы фурнитура қолданылатын цехта тапсырыс көлемі де артып келеді.
Айтуынша, аудан мен қаладағы тұтынушылардың талап-талғамына сай әртүрлі интерьерге лайық бұйымдар әзірлейді.
– Тұрғындар сұраған барлық жиынтықты өзіміз дайындаймыз. Жарнаманы негізінен Instagram арқылы жүргіземіз. Материалдар сапалы, станоктар толық. Енді шеберхананы кеңейтіп, жаңа қондырғылар әкелуді жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Цехтан шығатын өнімнің түрі көп. Мәселен, асүйге арналған гарнитурлар, жатын бөлмеге лайық шкаф-купелер, жұмыс кеңселеріне қажетті стеллаждар, жарық түсіргіштері бар үстелдер, сондай-ақ, тұтынушы талабына сай құрастырылатын бұрыштық жиынтықтар. Бұйымдардың әрқайсысы үйлесімділік, берік құрылым және эстетикалық талаптарды толық сақтайды.
Айта кетерлігі, шебер кейде бір үйдің бүкіл жиһазын асүйден бастап, жатын бөлме мен қонақ бөлмеге дейінгі барлық жабдықты тұтас жобалап, толық жасап береді. Әуелі эскиз әзірленіп, өлшем алынып, кейін материал таңдалады. Соңында бір жүйеге келтірілген жиынтық үй кеңістігін бірден үйлестіріп жібереді.
Балпық бидегі шағын бастама – ауыл кәсіпкерлігінің жандануының бір көрінісі. Көпке үлгі болған іскер азаматтың ісі ауылдық жерде де сапалы өнім шығарып, кәсібін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға болатынын дәлелдеп отыр. Шебердің қолтаңбасы қалыптасқан жұмыстың кеңеюі ауылдағы жаңа идеялардың жүзеге асуына дем береді. Қолөнердің бұл түрі тек табыс көзінен бөлек, жергілікті бренд қалыптастыруға, өңірдің өзіндік ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік ашады.
Алдағы жылдары цехтың кеңеюі, заманауи қондырғылардың әкелінуі, жас мамандардың оқытылып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – ауылдық округтің кәсіпкерлік картасын одан әрі байыта түспек. Осындай бастамалар көбейсе, ауыл экономикасының серпіні артып, Көксу өңіріндегі шағын бизнес саласының маңызы бұрынғыдан да беки түспек.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





