Жетісу облысында «Учаске» іс-шарасының қорытындысы жарияланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде 680 мыңнан астам тұрғын бар, бұл мыңдаған отбасы, көшелер мен аулалар. Олардың басты тілегі – қауіпсіздік пен ертеңгі күнге деген сенім. Осы мақсатта қоғам қауіпсіздігін күшейту үшін полиция, ҚР Ұлттық ұланы, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен еріктілер бірлесіп кең көлемді профилактикалық «Учаске» іс-шарасын өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай үйлесімді жұмыстың маңызын атап өтті.
«Әділет пен тәртіп – халықтың ертеңгі күнге деген сенімінің негізі. Әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет алдындағы басты міндет. Біз ешкімді назардан тыс қалдырмауымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Ауқымды профилактикалық іс-шара барысында 221 қылмыстық іс қозғалды. 65 мың көпқабатты және 138 мың жеке тұрғын үй мен саяжай аумағын қамтыған кең аула аралау жүргізілді. 312 заңсыз пәтер жалға беру дерегі анықталды. Нарықтарда 1 300-ден астам тексеріс жүргізіліп, құқық бұзушылықтар тіркелді.
Тұрақты мекенжайы жоқ 84 адам ұсталды. Кәмелетке толмағандар арасында 708 құқық бұзушылық анықталды. Полиция есебінде тұрған 7 мың адам тексеріліп, 418 көші-қон режимін бұзу дерегі тіркелді. Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, ата-аналық міндеттерді орындамау, ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар үшін 36 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар есірткі жарнамасын насихаттайтын 3 граффити анықталып, жойылды.
Бұл көрсеткіштер – статистика үшін сан емес. Мұндай профилактикалық жұмыс қоғам тыныштығын сақтайтын маңызды тетік саналады. Іс-шара көшелердің қауіпсіздігін нығайтып, балаларды қорғауға, отбасындағы жанжалдардың алдын алуға ықпал етеді. Учаскелік қызмет әсіресе шағын елді мекендерде мемлекет пен халық арасындағы алғашқы байланыстыратын буын болып табылады. Сондықтан мұнда тек нәтижелілік емес, сенім де маңызды рөл атқарады.




