Жетісу облысында жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың жат ағым идеологиясынан сақтану қабілетін күшейту және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында жүйелі шаралар қолға алынуда. Осы бағытта «Жетісу облысының Дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен «Өрендер» академиясы» қоғамдық бірлестігі «Жастар және спортшылар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында ауқымды жұмыс жүргізіп, жыл бойы жоспарланған 34 іс-шараны табысты жүзеге асырды.
Бұл шаралар жастарға дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіруге, олардың діни сауаттылығын көтеруге, қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталды.
Жоба аясындағы кездесулерге елімізге танымал теологтар мен дінтанушы сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, теолог-дінтанушы Нұрлан Асанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиНаурызбай қажы Тағанұлы, Дінтанулық зерттеулер орталығының директоры, PhD, РАТТ мүшесі Шағырбай Алмасбек, исламтанушы, «Нұр-Мүбарак» университетінің докторанты Нұржан Смағұлов, гуманитарлық ғылымдар магистрі, РАТТ мүшесі Әліп Тұрсынғали, сондай-ақ ауыр атлетикадан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Құрманбек жастармен жүздесіп, жат ағымдардың белгілері мен олардан сақтанудың жолдары туралы кеңінен түсіндірді. Іс-шаралар барысында діннің мән-мағынасы, зайырлы қоғамның қағидаттары, интернет кеңістігіндегі деструктивті топтардың ықпалы жайлы мазмұнды пікір алмасулар өтті. Барлығы 4584 жас қатысты.
Сонымен қатар, жастардың шығармашылығын қолдау мақсатында бейнероликтер, мақалалар және сурет байқаулары ұйымдастырылды. Бұл байқаулар жас таланттардың ой-өрісін кеңейтіп, рухани-адамгершілік бағыттағы дүниетанымын қалыптастыруға зор үлес қосты. Нәтижесінде үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Сурет байқауында «Дін және дәстүр» тақырыбында Әдемі Темірғали, «Татулық пен бірлік» бағытында Әдемі Тұяқбай, ал «Жастар және руханият» номинациясында Карина Абимолдина үздік деп танылды. «Ой шамы» мақалалар байқауында 1-орынды Айдар Қалиев, 2-орынды Еркебұлан Немелебаев, 3-орынды Жарқынай Иманпейс иеленді. «Шамшырақ» бейнероликтер байқауы бойынша 1-орын Айгерім Сейсембаеваға, 2-орын Арман Ахтилекұлына, ал 3-орын Ержан Дүйсенге берілді. Барлық жеңімпаздар арнайы сертификаттармен, грамоталармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Жеңіске жол – табандылықтан басталады» атты жастарға арналған мотивациялық кездесу өтті. Шараға теолог Ерік Бөлекбаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Әлихан Әскербай, бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Құралай Егінбайқызы және ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Ақжол Құрманбек қатысты. Кездесу барысында жат ағымдардың қауіптілігі, олардан қорғану мәдениеті, зайырлы қоғамның құндылықтары, сондай-ақ спорттың адамды шыңдайтын табандылық пен ерік-жігерді қалыптастырудағы рөлі туралы мазмұнды пікірлер айтылды. Жас спортшылар өздерінің әлемдік деңгейдегі жарыстардағы тәжірибесімен, жеңіске жетудің жолдарымен бөлісіп, жастарды мақсатқа берік болуға шақырды.
Жалпы алғанда, аталған кешенді жұмыстар өңір жастарының бойында діни радикализмге қарсы тұра алатын берік ұстаным қалыптастырып, шығармашылыққа, білімге және спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың әлеуетін дамытуға зор үлес қоса беретіні сөзсіз.
Бақыт Қалиева,
«Өрендер» академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы





