Облыстық «Jetіsý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған волонтерлер форумы өңірдегі азаматтық белсенділікке тың тыныс сыйлады. Қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды дамыту тетіктері талқыланған алқалы басқосуда қатысушылар тәжірибе бөлісіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынның спикерлері қатарында «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронок, ерекше күтімді қажет ететін жандарды қолдауға бағытталған ұйым жетекшісі Асель Мақсұтқызы, «Делай добро!» мен «Шапағат» бірлестіктерін басқарып жүрген Халида Есболқызы болды. Олар бүгінгі еріктілердің даму қарқыны, жаңа бағыттар және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
Жиында мейірімділік мәдениетін қалыптастыру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, түрлі қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері кеңінен қозғалды. Тәжірибелі мамандар халыққа пайдалы бастамаларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын көрсетіп, заманауи еріктіліктің мән-маңызын тереңірек түсіндірді.
Форумның айрықша сәті – жыл бойы қоғамға жанашырлық танытқан белсенді жастарды марапаттау рәсімі. «Волонтерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша он азаматқа Алғыс хат табысталып, олардың еңбегі көпшілік алдында лайықты бағаланды.
– Бүгінде аймақта мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. Сонымен бірге 13 үкіметтік емес ұйым мен 18 бастамашыл топ белсенді. «Мейірімді» форумы аясында 10 бағыт бойынша үздіктер марапатталды, – деді еріктілер орталығының жетекшісі Шырай Саматқызы.
Экологиялық бастамаларымен танылған белсенді жас Олжас Ахметсапа да өзінің жобасын таныстырып, әсерімен бөлісті.
– Президент бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясына тұрақты түрде қатысып келемін. Бүгін осы бағыттағы жұмысымды таныстырып, жобамды ұсындым. Нәтижесінде арнайы номинацияға ие болдым, – дейді ол.
«Jetіsý jastary» ұйымдастырған бұл форум – жас буынды қоғам өміріне тарту, азаматтық жауапкершілікті көтеру және ізгілікке бағытталған бастамаларды қолдаудың жарқын көрінісі. Ерікті болу – елге қызмет етудің ең таза және ең қадірлі жолы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





