Кейіпкеріміз «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті» деген ұстаныммен өмір сүреді. Қандай да болсын істің маңдай тер мен адал еңбекпен келетінін жақсы біледі. Бұл тәмсілді өсіп келе жатқан балаларына да үйретуден жалықпайды.
– Өзім Өскемен қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Кейіннен отбасы жағдайына байланысты Алматы қаласына көштік. Әкем цемент зауытында жұмыс істесе, анам – «Игілік» журналының редакторы болып қызмет атқарды. Кішкене кезімнен түрлі тамақ түрін дайындауға әуес болдым. Алғашқыда тек үй ішіне арнап қана пісірдім. Кейін келе «тапсырыспен жасап берші» деген өтініш көбейді. Үй шаруасындағы ана болған соң балалардың қасында жүріп-ақ тәтті пісіруге деген қызығушылығымды табыс көзіне айналдырғым келді. Біліктілігімді жетілдіру үшін арнайы үш айлық курстан да өттім. Былтыр кәсіпкерлікке бағытталған жоба шеңберінде 1 млн. 570 мың теңге қайтарымсыз гранттың иегері атандым. Бүгінде берілген қаражатқа кәсіпке қажетті құрал-жабдық алдым. Енді тәтті өнімнің барлық түріне тапсырыс қабылдап, жұмыс істеудемін,– дейді ол.
Нәзікжанның көбі ас үйде тамақ әзірлеуді жақсы біледі. Дегенмен тіл үйірер тәттіні екінің бірі жасай алмайды. Ебі мен бейімі болмаса бұл істен қайыр жоқ. Ал Қарақаттың дайындаған дәмді тоқаш-бәліштері, самса, құймағы ауыл тұрғындары тарапынан жоғары бағасын алуда.
Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы





