Өңірдің кадр даярлау сұранысына сәйкес 13 кәсіпорынның өтінімдері негізінде колледжде 6 мамандық бойынша 60 студент мақсатты түрде оқытылуда. Бұл өндіріс орындары мен білім беру ұйымы арасындағы байланысты нығайтып, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін қадам. Сонымен қатар, Текелі қаласы бойынша «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, кәсіби білім беруге қатысты жұмыстар жандана түскен.
Өткен жылы колледжде «Зертханалық технологиялар» мамандығын ашу үшін облыстық бюджеттен 38 млн. теңге бөлініп, материалдық-техникалық база айтарлықтай жаңартылған. Бұл оқу орнының заман талабына сай білім беруге деген талпынысын көрсетеді.
Текелі кәсіптік колледжінің директоры Еламан Бердіқожаның айтуынша, соңғы 2 жылда кәсіптік-техникалық білімге ерекше назар аударылып отыр.
– Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялағаннан кейін бұл бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Білім басқармасы тарапынан қолдау бар, түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, Текелі қаласының халқы 30 мыңнан асса да білікті мамандар табу қиын. Қалада жалақының төмен болуы кадр тұрақтылығына кері әсер етеді. Ауылдық жерде 25 пайыздық үстемақы берілсе, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Әсіресе дәнекерлеу ісі бойынша мүлде маман таппай отырмыз. Еңбек.кз сайтынан бастап, түрлі платформаларға хабарландыру беріп келеміз, бірақ нәтиже шамалы. Сондықтан өзіміздің түлектерді кәсіпорындарда тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа тартуға тырысудамыз, – дейді ол.
Колледжде оқыту сапасын арттыру мақсатында студенттердің 100%-ы дуалды жүйемен білім алады. Қазіргі таңда 8 мамандық бойынша оқитын 317 студент үшін 181 кәсіпорынмен екіжақты келісімшарт жасалған. Бұл жүйе нақты өндірістік дағдыларды игеруге оң ықпал етіп келеді. Сонымен бірге, «Көксай – Мұзбел тау-кен байыту комбинаты» ЖШС мен колледж арасында меморандум жасасу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Бұл қадам түлектердің өндірістік тәжірибесін кеңейтіп қана қоймай, олардың болашақта жұмыспен қамтылу мүмкіндігін арттыра түсетіні күмәнсіз.
Мәди АЛЖАНБАЙ, Медет ЖҰМАБАЙ





