Ақсу аудандық әкімдігі тарапынан, Шымбұлақ орналасқан ауылдық округ әкімі атынан үшбу хат келді. Хатта Қапал ауылдық округінің әкімі Жалғас Жарасұлы былай депті: «Қапал–Талдықорған тас жолының бойында, Қапал ауылдық округінен 8 шақырым жерде орналасқан Шымбұлақ аумағында іргелес аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
21 қарашада аумақта кезекті тазалық жұмыстары өтті. 28 қазанда бұл жерде ауқымды жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа ақпараттық тақтайша орнатылды. Қоршалған құрылымдар боялды, қоқыс тастау орындары жаңартылып, қайта жабдықталды. Нәтижесінде аймақ бұрынғыдан да жинақы, қолайлы және тартымды болды. Қапал ауылдық округінің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға бұл аумаққа тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жол бермеу жөнінде арнайы ескерту жасалды. Жақын күндері бұл аймаққа бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған.
Бұл – тазалықты бақылауға, құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Суықсай-Талдықорған автожолы арқылы тәулігіне 300-ден астам көлік өтеді. Соңғы уақытта кейбір азаматтардың тұрмыстық қоқысты жол бойына, әсіресе Шымбұлақ демалыс аумағына тастауы әдетке айналып барады. Бұл – табиғатқа зиян тигізетін және демалыс аймағының келбетіне нұқсан келтіретін әрекет.
2025 жылғы 25 қарашада «Jetisý» газетінде Шымбұлақ аумағының қоқысқа толуы туралы мақала жарияланғаннан кейін төмендегідей жұмыстар атқарылды:
Көршілес ауылдық округтермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Оларға аталған аумақта қоқыс тастауға жол бермеу жөнінде арнайы ескертулер беріліп, жауапкершілік түсіндірілді.
Табылған қоқыс арасынан Kaspi.kz арқылы жасалған тапсырыстардың орамаларында көрсетілген азаматтардың есімдері анықталды. Бұл ақпарат учаскелік инспекторларға беріліп, тиісті шара қолдану үшін тіркелді.
Оларға аталған аумақта қоқыс тастауға жол бермеу жөнінде арнайы ескертулер беріліп, жауапкершілік түсіндірілді», – делінген.
Құп делік, «Қоқысқа тұншыққан Шымбұлақ» мақалада қоқыстың тазартылатынын жаздық. Мақсат – әкімдік жұмысына түрткі жасау, тек Қапал ауылдық округі әкімдігіне емес, Ақсу ауданының атқарушы билігіне «қолда бар алтынды» қастерлеуге мұрындық болу еді. Туристік әлеуеті зор бола тұра қараусыз қалмасын дедік. Болар елдер құмы сусыған шөл даласын да туризмнің ошағы етуде. Мәселен, Марокко Сахарадағы Эрг-Шэббиді, Австралия 680 млн. жыл бұрын қалыптасқан Улуруды, АҚШ Калифорниядағы Джошуа-Три шөлін игілігіне пайдалануда. Джошуа-Триге жылына 3 млн., Улуруға шамамен 300-400 мың, Эрг-Шэббиге шамамен 1-1,5 млн. турист келеді. Сусылдаған құмнан Шымбұлақтың несі кем? Шымбұлақтан әріде Тамшыбұлақ жатыр. Екеуіне қысы-жазы турист ағылып жатса әрі өңірдің экономикасына серпін емес пе?! Әлде, Хакім Абай айтпақшы, біздегі көңіл-күй «Ондай болмақ қайда?» дегеннен әрі аспай ма?
«Jetisý-ақпарат»





