Жетісу облысында жыл басынан бері 380 өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оның ішінде тұрмыстық газ баллондары жарылған 5 факт анықталды. Аталған оқиғалар салдарынан 5 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Осы жағдайларға байланысты 1-8 желтоқсан аралығында облыс аумағында тұрмыстық газ баллондарын және көлікке орнатылған газ баллонды жабдықтарды дұрыс пайдаланбаудың алдын алуға бағытталған республикалық «Газбаллон» профилактикалық акциясы өткізілді.
Шараның негізгі міндеті – газ жабдығын дұрыс қолданбаудан туындайтын өрттер мен жарылыстардың, көмірқышқыл газынан уланудың және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу. Сонымен қатар тұрмыстық газ баллондарын автогаз құю станцияларында заңсыз толтыру фактілерін болдырмау көзделді.
Акция облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтыды. Төтенше жағдайлар қызметі, полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысып, іс-шаралар күшейтілген тәртіпте өткізілді.
Талдықорған қаласы аумағында ТЖД мамандары 8 автотұрақта түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Үй-жай иелері мен жалға алушыларға:
- өрт қауіпсіздігі талаптары;
- газ жабдығын пайдаланудың негізгі ережелері;
- газ баллондарын сақтау тәртібі;
- эвакуация жолдары;
- газ иісі сезілген жағдайда жасалатын әрекеттер жан-жақты түсіндірілді.
Полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар да күшейтілді. Автокөлік тұрақтары мен облыстық автожолдарда газ баллонды жабдықпен жүретін көліктер тексерістен өтті. Ондаған көлікке бақылау жүргізіліп, заңсыз қайта жабдықтау, ақаулы баллондарды пайдалану сияқты қауіп төндіретін фактілер анықталды.
ТЖД өкілдері тұрғындарды газ жабдығын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырып, рұқсат етілмеген жерде газ құюға жол бермеуді ескертті.





