Талдықорғанда Digital Talent Day аймақтық жәрмеңкесі өтіп, оған 200-ден астам жас маман, мемлекеттік құрылымдар мен ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
IT-Hub Jetisu Digital ұйымдастырған жиын барысында жұмыс берушілер өздерінің бос жұмыс орындарын, тағылымдамадан өту бағдарламаларын және жаңа цифрлық жобаларын таныстырып, жас мамандармен сұхбаттасты. Шара аясында олар өз түйіндемелерін тапсырып, жұмысқа орналасуға алғашқы мүмкіндік алды.
Сондай-ақ панельдік пікірталас ұйымдастырылып, онда сарапшылар цифрлық экономиканың даму бағыттары, кадр тапшылығы, өңірдің еңбек нарығындағы сұраныс және IT-білім беру сапасы туралы ой бөлісті. Талқылауға IT-Hub Jetisu Digital директоры Талғат Аблаев, Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Айгүл Досыбаева сынды мамандар пікір айтты.
Ал, жабық нетворкинг бөлігінде бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар IT-мамандарды даярлау, өңірдегі цифрлық жобаларды жүзеге асыру және серіктестік орнату мәселелерін талқылады. Қатысушылар өңірлік IT-экожүйені дамытуда мұндай басқосулар маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Digital Talent Day өңірдегі IT-сектордың еңбек нарығын бағалауға, жас таланттарды қолдауға және аймақтың цифрлық қауымдастығын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Жәрмеңкенің нәтижесі болашақта да осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізудің маңызын көрсетті.
«Жетісу-Ақпарат»






