Жетісу өңірінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттыру, тұрғындардың қаржылық мәдениетін көтеру, отбасылық бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары елімізде несие алып, қарыз жүктемесіне түсетін азаматтардың саны артып отыр. Бұл тек жеке адамның емес, жалпы қоғамның әл-ауқатына әсер ететін маңызды мәселе.
Осыған орай, «AMANAT» партиясы республика көлемінде қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын Жетісу облысында жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қарыз мәселесі – тек қаржылық емес, әлеуметтік түйткіл
Қазіргі таңда көптеген отбасы күнделікті тұрмысты қамтамасыз ету, қажетті тауар сатып алу немесе күтпеген жағдайларды реттеу мақсатында несиеге жүгінеді. Бұл қалыпты құбылыс болғанымен, жауапсыз қарыз алу мәдениеті, жоғары пайыздық мөлшерлемелер, тұтынушылық несиеге тәуелділік көптеген азаматты қиын жағдайға тіреп қойды.
Бүгінде облыстағы қарыздық жүктеме әлеуметтік мәселелердің бірі ретінде қаралып отыр. Партиямыздың басты мақсаты – азаматтарды қарыздан құтқару емес, ең алдымен қарызға батпау үшін сауатты қаржылық мінез-құлық қалыптастыру.
Жоба аясындағы негізгі бағыттар
1. Қаржылық сауаттылықты арттыру
Жетісу облысының барлық аудан-қалаларында халықпен кездесу, семинар-тренингтер, ашық форматтағы кеңестер өткізілуде.
Азаматтарға:
- бюджет жүргізу,
- жалақыны тиімді бөлу,
- несие шарттарын дұрыс түсіну,
- қаржылық алаяқтықтан сақтану жолдары
сияқты бағыттар бойынша жан-жақты түсіндіріледі.
Біздің мақсат – әр отбасы өз қаржысы жайлы дұрыс шешім қабылдай алатын дәрежеге жеткізу.
2. Проблемалық қарыздар бойынша тегін кеңес беру
Партия жанынан арнайы Қоғамдық қабылдау алаңдарында заңгерлер мен қаржы мамандары тұрақты түрде қабылдау жүргізеді.
Азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, банктермен келісімге келу, қайта құрылымдау мәселелерінде кәсіби көмек көрсетіледі.
Бұл әсіресе табысы төмен, әлеуметтік осал топтар үшін өте маңызды.
3. Шағын кәсіпті қолдау – қарызға тәуелділікті төмендетудің бір жолы
Жетісу өңірінде кәсіп ашамын деген азаматтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілуде.
«AMANAT» партиясы:
- грант алу,
- жеңілдетілген несие рәсімдеу,
- бизнес-жоспар құру
мәселелерінде де түсіндіру жұмыстарын жолға қойды.
Тұрақты табысы бар азамат қарызға тәуелді болмайды. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту – «Қарызсыз қоғамның» маңызды тетіктерінің бірі.
4. Әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру
Біз мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, әлеуметтік көмектердің шынайы мұқтаж жанға жетуін қамтамасыз ету бағытында ұсыныстар дайындап, тиісті органдарға жолдап отырмыз.
Қоғамның әлсіз тобына көрсетілетін көмек неғұрлым әділ болса, қарызға жүгінетіндер саны да соғұрлым азаяды.
Жетісудағы нәтижелер
Жоба іске қосылғалы бері Жетісу облысында:
- 7000-нан астам азаматқа қаржылық және заңгерлік кеңес берілді;
- қарызын қайта құрылымдаған жүздеген отбасының мәселесі шешілді;
- аудандық деңгейде 50-ден аса қаржылық сауаттылық сабақтары өтті;
- жастар мен отбасылар үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылды.
Бұл – жобаның өңір тұрғындары үшін қажетті әрі тиімді екенін дәлелдейді.
Жастармен жұмыс – ұзақ мерзімді нәтижеге жол
Қарызға тәуелділік көбіне қаржылық білімнің төмендігінен туындайды. Сондықтан мектептер мен колледждерде жас буынмен кездесу өткізу, қарапайым бюджет жүргізу, табысын жоспарлау, онлайн-қарыздардың қауіпін түсіндіру – ерекше назарда.
Бүгінгі жас – ертеңгі отбасы басшысы. Демек, қаржылық мәдениетті қазірден қалыптастыру маңызды.
Қоғамдық тұрақтылық – әр азаматтың әл-ауқатымен байланысты
Жетісу – әлеуеті жоғары, экономикасы дамып келе жатқан аймақ. Дегенмен қоғамның тұрақтылығы тікелей әрбір отбасының экономикалық жағдайына байланысты екенін түсінуіміз керек.
Қарызға белшесінен батқан қоғамның болашағы тұрақсыз болады.
Сондықтан «AMANAT» партиясы осы бағыттағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыра береді.
«Қарызсыз қоғам» – тек қаржылық жоба емес, ол – жауапты азамат қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бастама.
Біздің мақсат – Жетісу облысында қарыз мәселесінің алдын алу, қоғамдағы қаржылық мәдениетті арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту.
Партия тұрғындармен тікелей байланыста болып, кез келген мәселені шешуде жан-жақты қолдау көрсетуге әрқашан дайын.
Жетісудың әрбір тұрғыны қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізіп, болашаққа сеніммен қадам басса – өңірдің дамуы да соғұрлым қарқынды болады.
Арын Арыстанғали,
«AMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы





