Стамбул қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Энергетика министрлерінің бесінші отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасынан Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қатысты.
Басқосуда вице-министр ТМҰ алаңы энергетика саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын және ынтымақтастықты нығайтатын тұрақты платформаға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, түркі елдері үшін ортамерзімді кезеңде қалпына келетін және баламалы энергия көздерін дамыту, қазба отындарын тиімді пайдалану, сутегі энергетикасы, энергия үнемдеу, цифрландыру және киберқауіпсіздік бағыттары ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар энергетикалық маршруттарды әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу қажеттігіне назар аударылды. Қазақстанның ірі энергетикалық жобалардағы тәжірибесін мысалға келтірген Бақытжан Ілияс Рожковское мұнай-газ кен орнын іске қосу және Түркиямен бірлесіп Қызылорда облысында парогаз қондырғысын салу жобасын атап өтті.
Отырыс барысында әділ энергетикалық ауысым мәселесі де қозғалды. Вице-министр бұл үдеріс экономикалық өсім, әлеуметтік тұрақтылық және экологиялық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретінін айтты. Осы тұрғыда тәжірибе алмасу, сараптамалық платформаларды дамыту, жасыл инвестицияларды қолдау және білікті кадрлар даярлау басым бағыттар ретінде белгіленді.
Сондай-ақ энергетиканы цифрландыру, «ақылды» желілерді, өнеркәсіптік интернет пен жасанды интеллектті енгізу мәселелері көтерілді. Бақытжан Ілияс ТМҰ елдерінің энергетикасын цифрлық трансформациялау мақсатында бірлескен эксперттік орталық құруды ұсынды. Оның пікірінше, түркі мемлекеттерінің үйлесімді әрекеттері аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, саланың тиімділігін арттырады.
Іс-шара аясында Қазақстанның Энергетика вице-министрі Түркияның энергетика вице-министрі Ахмет Чонкармен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар бірлескен жобалардың табысты іске асырылып жатқанын атап өтіп, түркиялық компаниялардың Қазақстандағы мұнай-газ және электроэнергетика саласына қатысуын жоғары бағалады. Кездесуде қалпына келетін энергетиканы дамыту, инвестиция тарту және энергетикалық жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыру мәселелері талқыланды.





