Мемлекет басшысы БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық су дипломатиясын дамыту үшін мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын күшейту аса маңызды.
Президент БҰҰ жүйесінде тек су мәселесіне жауапты жеке құрылымның жоқтығын атап өтіп, бұл олқылықты жедел шешу қажеттігін айтты.
– БҰҰ жүйесінде тек су мәселесімен айналысатын арнаулы құрылым жоқ. Бұл түйткілді тез арада шешкен жөн. Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water тетігін толыққанды арнаулы агенттікке айналдыру – оңтайлы шешім, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл бастама орнықты даму мақсаттарына да, халықаралық қауымдастық мүдделеріне де сай келетінін айтты. Сонымен қатар келесі жылдың сәуір айында Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммитте жаһандық су ұйымын құру жөнінде консультациялық үдерісті бастау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Ашхабадта өткен форум мемлекеттер арасындағы жасампаз серіктестікті күшейтіп, әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруға бағытталған халықаралық күш-жігерге жаңа серпін беретініне сенім білдірді.





