Президент Ашхабадта өтіп жатқан халықаралық форумда БҰҰ-ны реформалаудың маңызына назар аударды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы қолдаған Ашхабадтың Халықаралық бейбітшілік және сенім жылын жариялау туралы бастамасының ерекше маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан бұл қарарды толық қолдайтынын жеткізіп, бейбітшілік пен келісім елдің сыртқы саяси стратегиясының негізі екенін айтты.
Президент әлемдегі ахуалдың күрделене түскенін, кикілжіңдердің толық шешілмеуі жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, адамзат қазір өзара сенім мен толеранттылықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың маңызын бұрынғыдан да терең түсінуге мұқтаж.
Сонымен бірге халықаралық құқықтың әлсіреуі, көпжақты ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ-ның беделінің төмендеуі алаңдатарлық жағдай екені айтылды.
– Стратегиялық теңгерімді қалпына келтірмей, әлемде әділ тәртіп орнату мүмкін емес. Сондықтан халықаралық тұрақтылық сөз күйінде қалып қоймауы керек. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына жан-жақты реформа жүргізуді, оның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді және Бас Ассамблеяның рөлін күшейтуді қолдайды. Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясында мен БҰҰ жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін пікірлестер тобын құру идеясын ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.





