Жуырда Дүниежүзілік еріктілер күніне орай Сарқан политехникалық колледжінде «Sarqan jastary» филиалының ұйымдастыруымен «Мейірім алауы» атты кең көлемді форум өтті.
Еріктілік қызметтің құндылығын насихаттау әрі олардың еңбегін бағалау, қоғамдағы белсенділігін арттыру және жаңа жобаларға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан іс-шараға аудандағы белсенді жастар мен еріктілер, мекеме, ұйымдар, ауыл нұсқаушылары қатысты.
Жиын барысында сөз алған облыстық «Jetisu jastary» филиалының директоры Шамиль Ванкеевтің айтуынша, волонтерлік жас шектемейді. Әрбір адам волонтер бола алады. Себебі бұл – адамгершілік пен парасаттылықтың айқын көрінісі.
Ал «Мейірімді Жетісу» фронт офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы болса барлық волонтерді келіп жеткен мерекелерімен құттықтап, үздік жобаларды саралап өтті. Сондай-ақ, белсенді еріктілер арнайы марапаттарға ие болып, тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





