Журналистер үйінде өткен брифингте Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша ауданның жетістіктері, алдағы жылдарға арналған жоспарлар жайлы айтты.
Әкімнің сөзінше, биыл барлық салада тұрақты өсім сақталып, негізгі көрсеткіштер жоспарға сай орындалған. Брифингте ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер ерекше аталды. Астық жинау науқаны толық аяқталып, қант қызылшасынан мол өнім алынуы, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, суару жүйелерін қайта құру және жаңа суармалы жерлерді айналымға қосу жұмыстары өңір экономикасына серпін беріп отырғандығы сөз болды. Сонымен қатар, мал бордақылау алаңдарының құрылыс қарқыны мен ветеринариялық қызметті күшейту шараларының қолға алынып жатқандығы тілге тиек етілді. Соңғы 3 жылда 142 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 73,3 мың гектары айналымға тартылған. Оның 57,5 мың гектары шаруа қожалықтарына берілсе, 15,8 мың гектары ауылдық округтерде қоғамдық жайылым ретінде бекітілген.
Өнеркәсіп, инвестиция және шағын бизнес салаларындағы көрсеткіштер де оң нәтиже беруде. 10 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 32 млрд. теңгеден асқан. Аудан аумағында жол сервисі, өңдеу кәсіпорындары, энергия өндірісі және инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде іске асырылуда. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, 12 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген.
Әлеуметтік сала бойынша жаңа жұмыс орындарының ашылуы, білім беру нысандарын жөнделу, жаңа мектептердің салынуы, медицина мекемелерін жаңғырту және дәрігер тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар да баяндалды. Аудандық орталық аурухананың күрделі жөнделуі, ауылдардағы медициналық пункттердің құрылысы – биылғы саланың басты жобаларының қатарында. Ақсудағы өзекті мәселенің бірі – аудандық аурухананың ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу. Құрылыс жұмыстарын жүргізі тиіс «RAKADA GROUP» міндетін дұрыс атқармауда. Аудан әкімі Берік Тынышбаев мердігер компания жұмысты жандандырмаса келісімшарттың бұзылатынын жеткізді. Ауданда 11 дәрігер жетіспейді. Бұл орайда аудан басшылығы медицина институттарымен келісімшарт жүргізіліп жатқандығын айтты. Брифингте журналистер өңірде ауа райы бұзылып, бұрқасынның басталуына байланысты жолдардың қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөлінсе деген сауал тастады. Ақсу ауданы Алматы – Өскемен тасжолының бойында орналасқандықтан көлік көп жүретін аймақ саналады.
Жалпы, баспасөз мәслихаты Ақсу ауданының кешенді дамуы мен келешекке арналған нақты жоспарларын айқындаған маңызды іс-шара болды.
Айдар ҚАЛИЕВ





