Орта мектеп бітіретін сәт жақындаған сайын ырықсыз түрде «Ертең қандай оқуға түсем? Менің қолымнан не келеді?» деген ой қатты толғандырды. Өзімді түрлі салада елестетіп көруді әдет қыла бастадым. Кейін осы жөнінде мектебіміздің менторынан сұрауды жөн көрдім. Ол кісі маған көп ұсыныс, ақыл-кеңесін айтты.
Мектебіміздің менторы Бахтияр Уалиханұлына «Қандай мамандық таңдағаным дұрыс?» деген сұрақ қойдым. Ол кісі: «Бастысы, жан-дүниең қалайтын, неге бейімің бар, соған талпынған абзал» деген пікірін білдірді. Одан өзімді Талдықорған индустриялық колледжіне апаруын сұрадым. Өтінішімді жауапсыз қалдырмады.
Біз сол күннің ертесі қаладағы индустриялық колледжге бардық. Ол жердің басшысымен жүздесіп, оқу орнын аралап көрдік. Алған әсерім ерекше. Колледждегі «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығымен танысып, бұл саланың қыр-сыры туралы мол мағлұмат алдым. Бұл мамандық қатты қызықтырды. Мекемеде практикадан өтіп жатқан, өзімнен 3-4 жасқа үлкен студенттердің қалай жұмыс істеп жатқанын бақылау маған ұнады. Тап солар сияқты жұмыс істегім де келді. Тәжірибе алаңында сабақ беретін мұғалімдер мені автокөліктің әр бөлшегімен таныстырып, солардың атауларын айтып танымымды кеңейтті десем болады.
Колледжге сапар барысында көп ой түйдім. 9-сыныпты тамамдаған соң аталған білім ошағына оқуға тапсыруға ниетім бар. Дегенмен, сауда саласында да өзімді көргім келеді. Менде әлі таңдау барын білемін.
Жалпы, мамандық таңдауыма жәрдемдесіп жүрген жандарға шексіз алғыс айтқым келеді.
Әли ТҰРСЫНХАН,
№27 орта мектеп-гимназиясыныңоқушысы
Талдықорған қаласы





