Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде басталып, толассыз жауған қалың қармен қабаттаса соққан қатты боран Жетісу облысының тұрғындарын ауық-ауық әбігерге салуда. Қаһарына мінген табиғаттың тосын мінезінен өңірдегі тас жолдар жабылып, көліктер бөгелген.
Оқиғаны көзбен көрген көлік жүргізушілердің сөзінше, желтоқсан айының 12-сі күні кешке Үшарал–Достық тас жолының 87-шақырымында 200-ге жуық ауыр жүк көлігі қар құрсауында қалған. Адам өміріне қауіп төнген сын сағатта Алакөл ауданы Көктұма ауылдық мешітінің бас имамы Серік Ержанов бастаған ауыл ақсақалдары мен мешіт жамағаттары жұмылып, жолда қалған азаматтарға қолұшын созған. Олар бір кісідей бірігіп, арнайы мал сойып, боранды кеште қамалған жолаушыларға ыстық ас әзірлеп, жан жылуын сыйлаған.
– Бұл жай ғана тамақ беру емес. Ата-бабаларымыздан жалғасқан қазақы қонақжайлықтың, адал адамгершіліктің, ізгі имандылықтың айқын айғағы. Қарлы кеште жасалған қайырымдылық жолда тосылған жүздеген адамның үмітін оятып, сенімін бекітті. Көктұма ауылдық мешіттің имамы Серік Ахылбекұлына, ақылшы ақсақалдарға, басқа да қайырымды жандарға айтар алғысымыз шексіз. «Қиындықта да бір-бірімізге тірекпіз» деген осы. Бірлігіміз бекем болып, осындай игі істер көбейіп, ел ішінде мейірім мен береке арта берсін! – дейді Алакөл аудандық мешітінің бас имамы Асқар Серікбек.
«Сақтықта қорлық жоқ» деген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірде қолайсыз ауа райының әлі де сақталуына байланысты азаматтарды алдын ала жасалған ескерту хабарламаларға құлақ асып, ұзақ жолға шығарда сақ болуға шақырады.
Айдын КӘЛІМХАН






