Талдықорғанда полицияның профилактикалық акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық денсаулықты нығайтуға және азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Профилактикалық іс-шара аясында темекі өнімдері мен кальянның зияны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе жастар арасында кальянның зиянды әсері жиі еленбей қалатыны атап өтілді.
Полиция қызметкерлері кальянның сырт көзге зиянсыз болып көрінгенімен, оның адам ағзасына тигізер кері әсері өте жоғары екенін еске салды. Атап айтқанда, кальян тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын тудыруы мүмкін, никотинге тәуелділікті арттырады және жалпы денсаулыққа зиян келтіреді. Іс-шара барысында қоғамдық денсаулық саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.
Жыл басынан бері облыс аумағында зиянды темекі өнімдерін тұтыну және таратуға байланысты 267 құқық бұзушылық анықталды. Тәртіп сақшылары бұл көрсеткіштер халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және қоғаммен өзара іс-қимылды арттырудың маңыздылығын көрсететінін атап өтті.




