Мерейтойлық іс-шара 100-ден аса әйел кәсіпкерлердің, мемлекеттік орган өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ көрші облыстан келген қонақтардың басын қосты. Қатысушылар үшін көрме ұйымдастырылып, онда қолдан жасалған бұйымдар мен азық-түлік, басқа да өнім түрлері назарға ұсынылды. Сөреге қойылған тауарлардан аймақ кәсіпкерлерінің өз істерін табысты іске асырып жатқандары, шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлестері байқалды.
Форумның құрметті қонақтарының бірі облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев іскер әйелдер кеңесін мерейтойлық күнімен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін қатысушыларға алғысын жеткізді. Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев бастапқы кезеңде іскер әйелдер кеңесі тек 20-25 белсенді өкілді, аудандар мен қалаларда бір-бірден көшбасшыны біріктіргенін атап өтті.
Олар әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетіне сенетін және қозғалысты одан әрі дамытудың негізін қалаған бастамашыл әйелдер болды.
Бүгінде облыстың іскер әйелдер кеңесі 1500-ден аса іскер әйелдің басын қосты. Бұл оның қызметіне жоғары сұраныс пен тиімділікті көрсетеді.
– 10 жыл ішінде кеңес қамқорлығымен мыңдаған ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылып, кеңес алды. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге кешенді қолдау көрсетіліп, көптеген бизнес-жобалар іске асырылды, – дейді Дәурен Оңалбаев.
Кеңес жұмыс істеген жылдары елімізде әйелдер бизнесін мемлекеттік қолдау шаралары енгізіліп, жеңілдікпен қаржыландыру және оқыту мүмкіндіктері кеңейтілді. Сондай-ақ, арнайы бағдарламалар іске асырылып, олардың арасында «бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылды. 2022 жылы «Атамекен» ҰКП қолдауымен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды.
Облыстық кеңес төрағасы Римма Салықованың айтуынша, бүгінде бұл облыс әкімдігінің қолдауының арқасында жұмысын жалғастырып келе жатқан Қазақстандағы екі орталықтың бірі. Аймақта 500-ге жуық кәсіпкерді біріктіретін бизнес-инкубатор жұмыс істейді.
Форум соңында марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар бизнес-ханымға облыс әкімінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, «Жомарт жан» Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығының, басқа да ұйымдардың атынан медальдар мен Алғыс хаттар табысталды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





