Талдықорғанда спорт саласының жылдық қорытынды жиыны өтті. Қаладағы Бикен Римова атындағы драма театр ғимаратында өткен «Жетісу шыңы – 2025» атты салтанатты іс-шарада өңір спортының дамуына үлкен үлес қосып жүрген бірқатар үздік спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды.
Жиналған қауым алдында сөз алған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов биылғы жылы өңір спортшыларының жеткен жетістіктерін жоғары бағалап, үздіктерге облыс әкімінің алғыс хаты мен қаржылай сыйақылар табыстады. Бұл жолғы марапатқа ие болғандардың қатарында олимпиадалық, ұлттық және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлерінің жеңімпаз спортшылары мен жаттықтырушылары бар.
Сала басшыларының айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, қазір аймақта спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жаңарту және жасөспірімдерге қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында өңірде 3 заманауи спорт кешені пайдалануға беріліп, 6 нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Жасалған қолайлы жағдайлар мен жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жетісулық спортшылар жыл басынан бері халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда 1254 медаль еншілеген. Оның ішінде 546 алтын, 388 күміс және 453 қола жүлде бар. Сонымен қатар осы уақытқа дейін аймақта 9 халықаралық дәрежедегі, 57 республикалық деңгейдегі спорт шебері, 673 спорт шеберіне кандидат және 203 бірінші спорттық разрядты спортшы даярланған.
– Қазір өңір спортшылары әртүрлі жарыстарда ел абыройын асқақтатып, әлемдік ареналарда көк Туымызды биікте желбіретуде. Бұл көрсеткіштер Жетісу спорт саласының әлеуеті жыл санап артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Ал бүгінгідей құрмет жас буын өкілдеріне зор шабыт беріп, жауапкершілікті арттырады. Қазір спортты дамытуға мемлекетпен қатар ірі кәсіпкерлер мен меценаттар да атсалысуда. Бұл спортшылардың әртүрлі жаттығулармен алаңсыз айналысуына мол мүмкіндік беріп отыр, – дейді спорт жаттықтырушылары.
Айдын КӘЛІМХАН






