Алакөл ауданы соңғы жылдары тек табиғатының көркемдігімен емес, мәдени спорттық және әлеуметтік жобаларымен де ерекшеленіп жүр. Спортшыларымыз әлемдік аренаны бағындырып, жастарымыз цифрлық мәдениетке атсалысып, еңбек адамы мәртебесі мен шығармашылық қабілетті дәріптейтін бастамалар жолға қойылды.
Жас спортшылар әлемдік аренада
Испанияның Мадрид қаласында өткен комбат джиу джитсу бойынша Әлем чемпионатында Алакөл ауданының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Бақдәулет Серікқали алтыннан алқа тағып, Максим Белоусов күміс медаль, Даниял Қайратұлы қола медаль жеңіп алды. Жерлестеріміздің бұл жетістігі аудандағы спорттың дамуына қосылған зор үлес әрі жас буынға үлгі боларлық мақтаныш.
Цифрлық мәдениет пенжасанды интеллект
Ауданның ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі Үшарал қаласында «Цифрлық мәдениет пен жасанды интеллект: жаңа әлеуметтік шындық» атты маңызды семинар өткізді.
Шараға қала және ауылдық округтердің тілге жауапты мамандары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері және жастардың белсенділері қатысып, цифрлану дәуіріндегі тіл саясатының рөлі, ұлттық болмыс пен цифрлық сауаттылықты ұштастыру, жасанды интеллекттің білім беру мен тіл үйрету бағытындағы мүмкіндіктері талқыланды. Семинар соңында қатысушылар цифрлық мәдениетті қалыптастыру, жасанды интеллектті меңгеру және қазақ тілінің жаңа технологиялық кеңістікте дамуына үлес қосу – уақыт талабы екеніне тоқталды.
Жарқын болашақ бастауы
Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «YERKIN Өнер Академиясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық көпсалалы колледжде «Жұмысшы мамандық – жарқын болашақ бастауы» атты фестиваль өтті.
Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын дәріптеу, жастарды адал еңбекке баулу, кәсіби бағдар беру және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының құндылықтарын насихаттауды мақсат еткен фестивальде колледж студенттері қолөнер бұйымдарының көрмесін ұсынып, спикерлер еңбек адамының мәртебесі мен заңға бағыну мәдениеті туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Шара соңында бөлім басшысы Бейбіт Айтахметов «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ұстанудың қоғам тұрақтылығының негізгі тірегі екенін атап өтіп, ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына үлес қосқан 10 еңбек адамын марапаттады.
«Менің шедеврім» байқауы
«YERKIN Өнер Академиясы» қоғамдық бірлестігінің тағы бір бастамасы – «Менің шедеврім» атты шығармашылық байқауы. Алакөл көпсалалы колледжінің түрлі мамандықта оқитын 12 командасы өз кәсіптеріне сай әзірлеген практикалық және шығармашылық жұмыстарын көпшілік назарына ұсынып, кәсіби шеберлігін көрсетті. Байқау жастардың еңбекке қызығушылығын арттыруға және жұмысшы мамандықтарының маңызын дәріптеуге бағытталды.
Қорытындысында І орынды Еркін Өкен, ІІ орынды Мұхамбет Сәрсенбекұлы мен Аят Құдайберген, ІІІ орынды Айнұр Нүргүстінова мен Ирина Патрахалина жеңіп алды.
Алакөл ауданындағы айшықты істер – бір өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің жаңғыруының айғағы. Спортшылардың әлемдік жеңістері жастарды жаңа белестерге ынталандырып, цифрлық мәдениет пен жасанды интеллектке арналған семинар тіл саясатының жаңа бағыттарын айқындады. Жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін фестиваль мен жастардың шығармашылығын қолдаған байқау еңбек адамының беделін арттырып, кәсіби шеберлікті шыңдауға жол ашты.
Қ. ОМАРАҚЫН








