2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері енгізіледі. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың салық қана емес, зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін төлеуін де реттейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оның ішінде қызметін интернет-платформаларды пайдалана отырып жүзеге асыратындар үшін АСР жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлғаларға арналған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР ҚР Үкіметі бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады. АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың күнтізбелік айдағы кіріс лимиті тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Осы АСР-ды қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын алған табыстарынан өздері төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар осы АСР-ды арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, төлем чектері және өзге көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде қолданатын болады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ орындардағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР өздері әзірлеген қарапайым нысанда жүргізіледі. Тек операциялардың күні, атауы, әрбір операция нәтижесінде алынған сомалар, әрбір күндегі, айдағы қорытынды соманы көрсету керек.
Қызметін интернет-платформаларды және платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын және АСР қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны интернет-платформа операторы ұстап, аударатын болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолданудың салықтық кезеңі – күнтізбелік бір ай.
ҚР Салық кодексінің 723-бабының 2-тармағында көрсетілген салық төлеушілерді қоспағанда, ЖК және Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолдануға құқылы.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР-ды тиісті шарттарға сәйкес келетін төмендегі тұлғалар қолдануға құқылы:
- күнтізбелік жылдағы шекті кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайды;
- жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің ҚР Үкіметі айқындаған тізбесіне енгізілмеген қызметті жүзеге асыратын тұлғалар.
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР үшін зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:
МЗЖ – табыстың 10%
ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%, содан кейін жыл сайын өсіп, 2028 жылы 5%-ға дейін көтеріледі.
Қазақстан аумағында жекеменшік және жер пайдалану құқықтары берілген жер учаскелері бар шаруа немесе фермер қожалықтары ШФҚ үшін АСР қолдануға құқылы. Шаруа қожалығының қызметі АСР-ды қолдану шарттарына сәйкес келмейтін жағдайларды қоспағанда, шаруа қожалығы үшін таңдалған АСР-ды күнтізбелік жыл ішінде өзгертуге рұқсат жоқ. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР шеңберінде МЗЖ, ЖМЗЖ төлеу табыс алынған айдан кейінгі айдың 25-нен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Бұл инновациялар зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға, жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге және «көлеңкеден» шығу үшін ынталандырулар жасауға мүмкіндік береді.
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы





