Корея Республикасы мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық пен іскерлік байланыс алға жылжыған жылдармен бірге қанатын кеңге жайып өрістеп, өркендеп келеді. Қазіргі кезде екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастың қарыштап дамуымен бірге білім, ғылым саласында да өзара тәжірибе алмасу мен жетістіктермен бөлісу жақсы жолға қойылған. Енді, міне, тыңға түрен салғандай болып Корей елінің ең таңдаулы әңгімелерінің топтамасы қазақ тілінде жарық көрді Ұлттық кітапханада Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен корей көркем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған алғашқы жинағы — «Жаһанға шыққан корей әңгімелері» атты кітап оқырман назарына ұсынылды.
Қазақ тіліндегі тұңғыш жинаққа корей әдебиетінің классик жазушылары И Хё Соктың «Қарақұмық гүлі гүлдеген кезде», Хён Джин Гонның «Сәтті күн» және «Туған жер», Ким Ю Джонгтың «Бом Бом» және «Камелия гүлі», Хван Сун Вонның «Нөсер жаңбыр» атты шығармалары кірген. Тұсаукесер рәсімі барысында әңгімелер желісімен түсірілген анимациялық фильм көрсетілді.
Халықаралық әдеби байланыстағы соны жаңалық және Корея Республикасы жазушыларының таңдамалы шығармаларының қазақ тілінде жарық көруіне жасалған алғашқы қадам саналатын бұл жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасының бастамасымен қолға алынып, жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн. Сонымен бірге бұл Корея Республикасының Көркем аударма академиясы ұсынған «Шетелдік университеттердегі корейтану бөліміне арналған көркем аударма семинары» бағдарламасының нәтижесі есептеледі.
Жаңа бағыттағы өзара ынтымақтастықтың басталу кезеңіне тоқталар болсақ, 2025 жылдың 8 қазанында Корея Республикасының Алматы қаласына жаңадан тағайындалған Бас консулы Ха Тэ Ук әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де болып, корейтану бөлімінің студенттеріне арнайы дәріс оқыды. Осы сапар барысында консул кафедрада жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалармен танысып, екі ел арасындағы маңызды бастамаларға қызығушылық танытып, тәржімашылар қолға алып отырған аударма жинағының жарыққа шығуына, тұсаукесерін өткізуге қолдау көрсетуге ниет білдірген еді. Осыған орай Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі А. Абаған, кафедра доценті А. Белялова және аға оқытушы Ә. Сайлаукенова жетекшілік еткен аудармашылар тобы жинақтың көрнекі безендірілуіне қатысты Бас консулдықтан қолдау сұрап, өзара мәдени, әдеби баланыста анимациялық фильмдердің маңызы зорлығын жеткізген болатын. Қос тараптың бірін-бірі жете түсінуі және өзара қарым-қатыстың тың бағытын қолға алуға қатысты келісімінің нәтижесінде Кореяның танымал анимациялық режиссері Ан Джэ Хун өз туындыларын жинақта ақысыз пайдалануға рұқсат берді. Осындай түсіністік пен келісім арқасында ҚазҰУ-дің корейтану бөлімінің 4-курс студенттері (жетекшісі – Ә. Сайлаукенова) режиссердің үш анимациялық фильміне қазақ тілінде субтитр әзірледі.
Аударма кітаптың ҚР Ұлттық кітапханасында өткен ресми тұсаукесерінде Ан Джэ Хунның алғаш рет қазақ субтитрлері қойылған «Қарақұмық гүлі гүлдеген кезде», «Сәтті күн» және «Бом Бом» атты анимациялық фильмдері Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіндегі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі корейтану бөлімі студенттері мен оқытушыларының және осы тұсаукесерге жиналған жұртшылық назарына ұсынылды. Болашақта екі ел арасындағы мәдени байланыстың жетекші бағыттарының біріне айналады деп үміттеніп отырған әдебиет пен кино саласындағы байыпты бастаманың тұсаукесер рәсімі Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының алғысөзімен басталып, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Қанат Алтынбек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті, филология ғылымдарының докторы Баян Жұбатованың құттықтау лебізімен жалғасты.
Тұсаукесерден кейін «Book Talk» форматындағы әдеби сұхбат өтті. Онда А. Абаған мен Ә. Сайлаукеноваға, субтитр әзірлеуге қатысқан студенттер Томирис Абай мен Альбина Уахитоваға, сондай-ақ, режиссер Ан Джэ Хунға аударма жинағына қатысты сұрақтар қойылды. Өзара сұхбат барысында екі елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпындағы, тіршілігі мен ұстанымындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктер, шығармалардың тәрбиелік және танымдық тұрғыдағы маңыздылығы жайлы пікірлер мен тұжырымдар ортаға салынды.
Осылайша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің корейтану бөлімінің бастамасымен қолға алынған жаңа жобаның алғашқы қадамы сәтті жүзеге асырылды. Болашақта берері мол болады деп болжанып отырған бұл жоба – корей әдебиетін қазақ оқырманына кеңінен таныстыруға бағытталған маңызды мәдени бастама. Тараптар екі ел арасындағы рухани, әдеби және мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отыр. Жоба авторларының айтуынша, алдағы уақытта корей және қазақ тілдерінде жаңа аудармалар жарық көреді.
Еңлік КЕНЕБАЙ





