БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор Қазақстанның бұл бағыттағы жұмысын жоғары бағалады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарапшы еліміздегі су ресурстарын басқаруды жаңғырту қарқыны дамыған елдерден озып тұрғанын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның цифрлық технологияларды енгізуге деген ынтасы мен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы нақты нәтижелерге жол ашуда.
Хьюберт Лор Қазақстандағы үдерістерді Германиямен және жалпы Еуропа елдерімен салыстыра отырып, мынадай маңызды жайттарды тілге тиек етті:
«Мұнда көріп отырған үдерістерді Германиямен және жалпы Еуропамен тікелей салыстыратын болсақ, Еуропада мұндай жұмыстар екі есе көп уақыт алады. Біріншіден, бұл – заңнамалық рәсімдерге байланысты. Дегенмен, әдетте, барлық қатысушы арасындағы үйлестіру және келісім процесі әлдеқайда ұзаққа созылады. Қазақстанның су ресурстарын басқаруға цифрлық технологияларды енгізуге қаншалықты ынталы екені мені таңғалдырды әрі ерекше әсер қалдырды. Бұл үшін қолайлы орта қалыптасқан. Су ресурстары және ирригация министрлігі, министр, вице-министрлер мен департаменттер бір бағытта жұмыс істеп, ортақ мақсаттарды көздеп отыр», – деді халықаралық кеңесші.
Қандай жаңа жүйелер енгізіліп жатыр?
Қазіргі таңда еліміздің су шаруашылығында ауқымды технологиялық өзгерістер жүріп жатыр. Олардың ішіндегі ең маңыздылары:
-
Ұлттық ақпараттық жүйе: Елдегі барлық су ресурстарын есепке алатын бірыңғай база әзірленуде.
-
Электронды келісімшарттар: Суармалы суды жеткізу бойынша цифрлық форматқа көшу пилоттық режимде сынақтан өтуде.
-
Болжау жүйелері: Өзен ағысын модельдеу және алдын ала болжау технологияларының қамту аясы кеңейтілуде.
Бұл бастамалар суды үнемдеуге, оның есебін нақты жүргізуге және су тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді. Су саласын цифрландыру – ауыл шаруашылығы мен экологияның тұрақты дамуының кепілі.





