Қазіргі уақытта қаржы табудың жолдары көбейгенімен жеңіл ақша тауып байығысы келетіндер саны азаймай тұр. Әсіресе құмар ойын ең қауіпті қоғам дертіне айналды. Бір қарағанда ойын-сауық көрінетін бұл құбылыс талай адамның тағдырын талқандауда.
Құмар ойынның қаупі – адам бастапқыда «аз ғана ойнап көрейін» деп ойлап, уақыт өте келе тәуелділіктің терең тұңғиығына түсіп кеткенін аңғармауында. Бұл тәуелділікті медицина «лудомания» деп атайды. Лудомания сөзбе-сөз айтқанда ақылсыздыққа дейін ойнау, құмар ойынға деген тәуелділік. Бабаларымыз «Ойынға ойсыз құмар» деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойын деген қазақ ұғымында болған емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті.
Жастардың құмар ойынға неге құмартатынын білу мақсатында қаламыздағы букмекерлік кеңселердің біріне бардым. Іші қараңғы, ойыншыларға барлық жағдай жасалған. Бұл жерге келетіндердің басым бөлігі 18 бен 25 жас аралығындағы жастар. Оларды мұнда не тартады? Жылдам ақша, жеңіске деген құмарлық. Мағжан Жұмабаев: «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған. Бірақ букмекерлік бұрышқа көз салғанда сол айбатты жастардың үмітін бір экранға байлап қойғанын көресіз.
Елімізде құмар ойынға тәуелділік жыл сайын ушығып барады. Мамандардың айтуынша, 2024-2025 жылғы деректерге сәйкес, құмар ойынға құныққандардың саны 350 мыңнан асып кеткен. Бұл – тұтас бір қаланың халқына тең көрсеткіш. Бұдан бөлек, лудоманияға шалдыққандардың орташа қарызы 10 миллион теңгеден асады деген дерек бар. Ең қорқыныштысы, бұл көрсеткіш тек ресми тіркелген, ал біз білмейтіні қаншама? Көптеген адам өз ісін жасырып, ешқандай көмекке жүгінбейді. Ойынның жетегінде кеткенін былай қойып, отбасына үлкен қауіп төндіретінін ойламайды. Қарызға батады, барынан айырылады, ақыр соңында отбасын ұтысқа тігуге дейін барады. Міне, осылайша отбасылық дағдарыс, келіспеушіліктер мен өзара кереғар жайттар пайда болады. Құмар ойынның жас буынға да әсері осылайша сезіле бастады. Мінез-құлықты өзгертеді, ашушаңдық, агрессия, депрессия, ұйқысыздық, жалған үмітке сену, өмірден қажу, тіпті өзіне қол жұмсауға дейін жеткізетін жағдайлар тіркелген. Статистика құмар ойынға деген тәуелділіктің отбасылық жанжалдардың, ажырасулардың, қылмыстық жағдайлардың себептерінің бірі екенін дәлелдеп отыр. Бұдан бөлек, қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселе – тәуелділік жастардың болашағына тигізетін зияны. Ойынға әуестенген жастар білімнен, дамудан қалып, еңбекке деген ынтасын жоғалтады. Өкінішке қарай, студенттер осы мәселеде көш бастап тұр. Шәкіртақысын ойынға тігіп қарызданып, оқуын тастап кеткен жастар саны жетерлік. Бұған алаңдаулы үкімет құмар ойынды бақылауда ұстауға тырысуда. Мұнымен күресте әр адам өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. Ойынға барудан бұрын оның салдарын ойлау қажет. Себебі тәуелділікті емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда жеңіл. Әр адам өз өмірінің, уақытының және еңбегінің бағасын түсінгенде ғана құмар ойынның құрығы әлсіз болады.
Жұлдыз КЕНТБАЕВА,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті журналистика
мамандығының 3-курс білімгері
Талдықорған қаласы





