Волейболдан «Жетісу» ерлер командасы Қазақстан кубогының чемпионы атанды. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ аймақ намысын абыроймен қорғап, жеңістің желкенін көтерген спортшыларды қабылдады.
Жиында аймақ басшысы спортшыларды ел кубогындағы жарқын жеңісімен құттықтады.
– ҚР Кубогының ойындарында біздің ерлер командасы жоғары деңгейде ойын көрсетіп, Жаңа жыл қарсаңында жетісулықтарға үлкен сый жасап, республикалық Кубокты иеленді. Ал команда ойыншысы Никита Швалев «Үздік ойыншы» атанды. Осы қуанышпен волейболшылар ұжымын шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс – үлкен еңбектің, команданың бір кісідей жұмылған береке-бірлігінің, сонымен қатар волейболға жасалған қолдау шараларының айқын көрінісі. Біз ел біріншілігінде де алда келеміз. Енді сол бәсекеде жеңіске жетуге тілектеспін, – деп жылы лебіз білдірді.
Өз кезегінде команда бапкерлері мен ойыншылары әр жарыста қолдау көрсететін Жетісу жұртшылығына, облыс әкіміне алғыс білдірді.
– Ел кубогы Ұлттық лигадағы алғашқы ірі жеңісіміз. Енді біз супер кубок пен ел біріншілігінде жеңіске жетуге бар күшімізді саламыз. Дүбірлі додаға шықсақ жанкүйер болып, волейболшыларға қолдау көрсететін жетісулықтарға, облыс әкіміне ерекше алғыс білдіреміз. «Жетісу» волейбол командасына әкімдік тарапынан бар жағдай жасалуда. Енді біз де жарқын жеңістерімізбен қуантуға тырысамыз, – деді «Жетісу» волейбол клубы ерлер командасының бас бапкері Марат Адрышев.
– Финалдық ойын бізге қиынға соқты. Ақтық сында бар күшімізді салып, «Атырау» командасын 3:1 есебімен жеңдік. Алдағы жарысқа қызу дайындалып жүрміз. Алдағы додаларда да жанкүйерлерімізді қуантып, кубокты Жетісу жерінде қалдыруға тырысамыз, – деді команда ойыншысы Айбек Жақсылықов.
Басқосуда Бейбіт Өксікбайұлы волейболшылар мен бапкерлерге отандық спортты дамытуға қосқан үлесі, дүбірлі додадағы жетістіктері үшін Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Айдар ҚАЛИЕВ





