Жетісу облысының орталығында Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері арасында ұйымдастырылған спартакиаданың жеңімпаздары мен әскери қызметшілер марапатталды.
Шаһардағы Оқушылар сарайында өткен салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Ернат Бәзіл алдымен елдің тыныштығын сақтап, тынбай еңбек етіп жүрген жалпы әскери қызметкерлеріне шынайы алғыс білдірді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спартакиада жеңімпаздарына арнайы кубок және алғыс хаттармен бағалы сыйлықтар табыстады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталмыш спартакиада ағымдағы жылдың қаңтар айында басталып, онда спорттың 15 түрінен 100-ден астам жарыс өткізілген. Аталған іс-шараларға 500-ге жуық әскери қызметкер қатысып, тартымды да тартысты өнер көрсеткен. Жарыстың басты мақсаты – әскери сала мамандары арасында салауатты өмір салтын ұстанып, оны жұртқа кеңінен дәріптеу.
– Мұндай спартакиаданың біздің әскери қызметкерлер үшін маңызы зор. Бүгінде Қарулы Күштер қатарында жүрген әскери қызметшілер және олардың қызметі үшін спорттың тигізер пайдасы көп. Өткен жарыс кезеңдері тек спортты насихаттап қана қоймай, әскери гарнизондар арасында қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді аймақтағы №21751 әскери бөлімінің майоры Жарас Масалімұлы.
Айдын КӘЛІМХАН






