Талдықорғанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі мерекесі аясында Жетісу облысындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубының жылдық қорытынды отырысы өтті.
Басқосуға аймақтағы қоғам қайраткерлері, журналистер клубының мүшелері, сарапшылар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиналған қауым алдында сөз алған журналистер клубының төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, академик Атсалим Идигов биылғы жылы атқарылған істер жөнінде кеңінен тоқталып, жұмыла жұмыс жасаған азаматтарға айрықша алғыс білдірді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихы елдегі тұрақтылық пен келісімнің берік іргетасына айналды. Осы орайда республика аумағында алғашқылардың бірі болып құрылған Жетісу журналистер мен сарапшылар клубы ерекше рөл атқарды. Топ мүшелері мемлекеттік саясатты ақпараттандыру, этносаралық құндылықтарды насихаттау, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, тыныштықты сақтау және өңірдің тұрақты дамуына өзіндік үлес қосу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Нақтырақ айтқанда, келісім мен этносаралық қатынастар саласындағы сараптамалық материалдардың сапасын арттыру, өңірлік медиа кеңістігінде бірлік пен өзара құрмет құндылықтарын ілгерілету, сондай-ақ жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу басты назарда болды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Атсалим Саламұлы.
Жетісу облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этносаралық қатынастар бойынша жетекші журналистер клубы 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ақпарат саласының үздік ардагері Атсалим Идиговтың бастамасымен құрылған бұл клубқа биыл 15 жыл толып отыр. Аталған клуб бірлікті ту етіп, өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу, тыныштықты сақтау, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуын кеңінен насихаттау және оны дамытуға бағытталған жұмыстарды атқарып келеді. Бүгінде клуб құрамында 15 журналист, 3 блогер және 7 сарапшы бар. Олар өңірдегі қоғамдық-саяси үдерістерге сараптамалық көзқарас қалыптастырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған ақпараттық жұмыстың алдыңғы шебінде еңбек етуде.
Облыстағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің баспасөз хатшысы Дана Ахмедованың мәліметінше, биыл ақпараттандыру бағытында аймақ журналистері республика көлемінде көш басында. Мәселен, олар өңірде қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулық пен бірлікті ілгерілету бағытында жүйелі ақпараттық-имидждік жұмыстар жүргізуде. Мекеменің ресми әлеуметтік желілердегі парақшаларында (Instagram, Facebook, Telegram, TikTok) барлығы 6030 жарияланым орналастырылып, атқарылған іс-шаралар мен өзекті тақырыптар аясында 297 бейнематериал облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілген. Сонымен қатар, аудандық және жергілікті мерзімді басылымдарда 58 мақала жарық көрген. Бұл көрсеткіштер мекеменің ақпараттық кеңістіктегі белсенділігін және қоғаммен тиімді кері байланыс орната алғанын айқын аңғартады. Сондай-ақ қазіргі таңда Жетісу облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында тұрақты түрде қызмет атқаруда.
Жиын барысында жеке-жеке сөз сөйлеген әр қатысушы тұрақтылық – қашан да тыныштықтың кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы атқарылатын жұмыстар жайында өздерінің құнды ой-пікірлерін ортаға салып, ортақ талқы ұйымдастырды.
Айдын КӘЛІМХАН





