Ақсу және Көксу қант зауыттарына өткізілген таза салмағы 560 мың тонна қант қызылшасына 14 млрд. теңге субсидия толық көлемде төленді.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, қант қызылшасы бойынша субсидиялауға 679 өтінім түскен. Соған сәйкес шаруаларға субсидия толық көлемде төленді. Ақсу және Көксу қант зауыттары қабылдаған қызылшасы үшін шаруа қожалықтарына 8,4 млрд. теңге төледі.
– Біз Ақсу, Көксу зауыттарына қант қызылшасын өткізгенбіз. Бүгінгі күні екі зауыт та шаруашылықтарымызбен тиесілі есеп айырысып болды. Қазіргі кезде басым дақылдарға берілетін субсидияны алдық, нәтижесінде көктемгі дала жұмыстарына дайындығымыз қызу жүріп жатыр. Жалпы көктемгі егіске қажетті техникаларды жөндеу жұмыстарын осыдан бір ай бұрын бастағанбыз. Қазір егістік алқаптарға керекті тұқымға тапсырыс беріп қойдық. Біз жыл сайын қант қызылшасын кем дегенде 100 гектар жерге себеміз. Биыл да қант қызылшасын, жүгері, майбұршақ сияқты бірқатар дақыл егуді жоспарлап отырмыз. Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдік бағамен берілетін жанар-жағармай алатын қаржымыз да дайын, – дейді Көксу ауданындағы «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев.
Еске салсақ, өткен жылы облыста қант қызылшасының егіс алқаптары 13,7 мың гектарды құрады. Одан жалпы 635 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділігі гектарына 465 центнерден айналды. Алынған өнімнің 5 мың тоннасы мал азығына бағытталса, 630 мың тоннасы зауыттарға өткізілді, оның 560 мың тоннасы таза салмақты құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: tengemonitor.kazgazeta.kz