Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратынша, бөлінген қаражат есебінен биыл 315,2 шақырым жергілікті маңызы бар жол жөндеуден өтті. Атап айтқанда, 152,2 шақырым облыстық маңызы бар жолдар, 54 елді мекеннің 163 шақырым ішкі жолдары жаңартылды. Айта кетейік, өткен жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуға 41,4 млрд. теңге бөлініп, оның есебінен 350,4 шақырым жол жөнделген болатын.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жергілікті маңызы бар жолдарда 700-ден астам жол белгісі, 3 000 метр металл тосқауыл, 6 000 шаршы метр жол және жаяу жүргінші таңбалары салынды. Сонымен қатар 116 260 шаршы метр аумақта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көше-жол желісінде 11 бағдаршам нысаны орнатылып, 1 618 шақырым жол сызықтары сызылды, 1700-ден астам жол белгісі қойылды.
Облыстық маңызы бар ірі жобалардың бірі – Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарына апаратын Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңарту. Бүгінде жолдың 105 шақырымында көлік қозғалысы қамтамасыз етіліп, асфальт жабынының үш қабаты толық төселді. Жоба бойынша абаттандыру жұмыстары келесі жылдың соңына дейін аяқталып, нысан толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Лепсі ауылынан Балқаш көліне дейінгі 27 шақырым жол толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыстағы 15 апаттық көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде 5 көпір қайта жаңғыртылып, қолданысқа тапсырылды, қалған 10 көпірде жұмыстар жалғасуда.
Туризмді дамыту мақсатында Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту басталды. Жоба 2025-2027 жылдар аралығында жүзеге асады. Қазіргі таңда тау қыртыстарында жарылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру үшін жергілікті бюджеттен 70 млн. теңге бөлініп, «Жол активтерінің сапасы орталығымен» келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, автомобиль жолдарының нормативтік жағдайын сақтау мақсатында автоматтандырылған өлшеу жүйелері (АӨЖ) орнатылуда.
Жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған барлық жұмыстар тұрақты бақылауда. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, туризм мен экономиканың дамуына серпін бермек.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА, Қажет АНДАС





