Жыл ішіндегі ең маңызды әрі тарихи оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстан Қарулы Күштері атынан Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында, Қызыл алаңда өткен салтанатты әскери шеруге Жетісу гарнизонынан 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының жеке құрамы қатысып, еліміздің әскери беделін халықаралық деңгейде абыроймен таныта білді. Әскери сапты №18404 әскери бөлімінің командирі, полковник Алмас Төлегенов бастап өтті. Бұл шерудің айрықша маңыздылығы – сап құрамында мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген жас сарбаздардың қатысуы және олардың жоғары тәртіптілігі мен кәсіби дайындығының оң бағалануы болды. Аталған жетістік Жетісу гарнизоны үшін зор мақтаныш.
Әскерге шақыру науқаны да биыл жоғары деңгейде жүзеге асырылды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент көктемгі және күзгі әскерге шақыру жұ- мыстарын белгіленген жоспарға сәйкес жүйелі түрде орындады. Атап айтқанда, көктемгі шақырылым барысында 935 жас Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанса, күзгі әскерге шақыру науқанына 900-ге жуық азаматты шақыру жоспарланды. Күзгі шақырылым 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Әскери қызметтің жастарға берер мүмкіндіктері мол.
2025 жылы әскери борышын өтеп келген сарбаздардың ішінде 95 азамат әскерден кейін мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланып, тегін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – әскери қызметтің жастардың болашақ өміріне жол ашатын маңызды баспалдақ екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Әскер тарланы» байқауында Жетісу гарнизонына қарасты №54380 әскери бөлімінің жауынгері, аға сержант Рүстем Ерденбеков және №18404 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, 3 сыныпты сержант Жандос Рақымғазы үздіктер қатарынан көрініп, ҚР Қорғаныс минис- трінің жоғары марапаттарына ие болды. Бұл жетістік жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен әскери қызметке деген адалдығын айқындай түседі.
Қорытындылай келе, Жетісу гарнизоны үшін өткен жыл мазмұнды оқиғаларға, жетістіктерге толы болды. Бұл табыстар – әскери қызметшілердің қажырлы еңбегінің, жоғары жауапкершілігінің және Отанға деген шынайы берілгендігінің айқын көрінісі.
Көктемгі шақырылым барысында 935 жас Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанса, күзгі әскерге шақыру науқанына 900-ге жуық азаматты шақыру жоспарланды. Күзгі шақырылым 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Еламан САЙЛАУОВ
Жетісу гарнизоны баспасөз қызметінің сержанты, аға сержант





