Қазақстанда жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғайып, халықтың табысын арттыруға бағытталған кезекті кезең басталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, базалық және ынтымақты зейнетақылар 10%-ға өседі. Бұл көрсеткіш Ұлттық банк болжап отырған инфляция деңгейіне сәйкес белгіленіп отыр.
Зейнетақы мөлшері қалай өзгереді? Мемлекет басшысының тапсырмасымен зейнетақы жүйесін жақсарту жұмыстары жалғасуда. Жаңа жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңге болса, ең жоғары мөлшері 60 005 теңгеге жетеді.
Мысалы, 2025 жылы 171 588 теңге алып жүрген зейнеткердің ай сайынғы табысы 2026 жылы 192 816 теңге болып бекиді. Бұл жерде тек бюджеттен төленетін ақша ескерілген, БЖЗҚ төлемдері бұған қосымша беріледі.
Отбасылар мен мүгедектігі бар жандарға қолдау Әлеуметтік жәрдемақылардың да көлемі айтарлықтай артады. 2026 жылдан бастап күшіне енетін өзгерістердің бірқатары мынадай:
-
Бала тууына байланысты: Алғашқы үш балаға берілетін біржолғы көмек 164 350 теңгеге, ал төртінші баладан бастап 272 475 теңгеге жетеді.
-
Көпбалалы отбасыларға: 4 баласы бар отбасылар ай сайын 69 330 теңге алса, 10 баласы бар батыр аналарға 173 000 теңге төленеді.
-
Мүгедектігі бойынша: I топтағы жандарға 111 872 теңге, II топқа 89 498 теңге, ал III топқа 61 021 теңге беріледі.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік көмектер де 10%-ға ұлғаяды. Бұл төлемдер әр азаматтың жұмыс өтілі мен аударылған жарналарына байланысты жеке есептеледі.
Бұл қадамдар еліміздегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізеді.





