Ресейде лизингтен қайтарылған 50 мыңға жуық көліктің жаппай сатылымға шығуы қазақстандық автосүйер қауым арасында үлкен талқы тудырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жылдан бастап көрші елде келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін тәркіленген көліктерді 5-40 пайыз аралығындағы жеңілдікпен сату жоспарланып отыр. Алайда отандық сарапшылар бұл жағдай Қазақстан нарығына айтарлықтай әсер етпейді деген пікірде. «Общая дорога» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Арсен Шакуовтың айтуынша, Ресейдегі жеңілдіктер қазақстандық сатып алушы үшін тиімсіз болуы мүмкін. Себебі көлікті шекарадан өткізу кезінде төленетін қосымша құн салығы, кедендік алымдар мен утильсбор бағаны айтарлықтай өсіреді.
Оның үстіне бұл машиналардың басым бөлігін Ресейдің ішкі нарығындағы тұтынушылар тез арада иемденіп кетеді.
Ресейде 2026 жылдан бастап таксопарктер тек өз елінде құрастырылған көліктерге көшуі тиіс. Бұл 800 мыңға жуық шетелдік көліктің босап қалуына әкелуі мүмкін. Бірақ автосарапшы Алексей Алексеевтің пайымдауынша, бұл көліктердің де Қазақстанға келуі екіталай. Таксиде жүрген көліктердің тозу деңгейі жоғары, ал Қазақстанда қазіргі уақытта жеке автоөндіріс қарқынды дамып жатыр және жаңа көлік тапшылығы байқалмайды.
Ресейден келетін көліктердің ішінде тек сирек кездесетін модельдер немесе арнайы тапсырыспен келген техникалар ғана жекелеген тұлғалар үшін қызықты болуы мүмкін. Дегенмен, мамандар мұндай көліктердің тарихын мұқият тексеруді ескертеді. Қазақстанның ішкі нарығында жаңа автозауыттардың іске қосылуы және отандық өнімге деген қолдаудың артуы сырттан келетін ескі көліктерге деген қажеттілікті төмендетіп отыр. Сондықтан арзан көлік науқаны біздің елдегі баға саясатына үлкен өзгеріс әкелмейді.





