Жетісу облысының орталығында Қазақстан Республикасының «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Заңы аясында полицияның қоғамдық көмекшісі ретінде 30 азаматқа арнайы куәлік табысталды.
Салтанатты шараға қала әкімінің, полиция басқармасының, адам құқықтары жөніндегі және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының, сондай-ақ құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар алдында сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков қоғамның тыныштығын сақтауда «Заң мен тәртіп» идеологиясы бәрінен маңызды екенін тілге тиек етіп, бұл бағытта тәртіп сақшыларының атқарып жатқан ауқымды жұмыстарын атап өтті.
– Заң мен тәртіп – құқықтық мемлекеттің негізі. Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң бұзған адамды тиісті жазаға тарту – мемлекеттің негізгі алғышарты. Ал қоғамдық тәртіпті сақтау – барлық адамдардың негізгі міндеттерінің бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығында заң мен тәртіпке ерекше мән беріп, оны басты қағидат ретінде атап өткен болатын. Осы орайда қалалық полиция басқармасы мен қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған шараға қатысушыларға алғыс білдіремін. Әрі аталмыш қағидат негізінде адал қызмет атқарып, полициямызға және қоғамымызға көмекші болатындарыңызға сенімдімін, – деді Жеңіс Саятбекұлы.
Осыдан соң Талдықорған қаласы бойынша азаматтарға «полицияның қоғамдық көмекшісі» деген куәлік берілді. Олардың қатарында қоғамдық белсенділер, еріктілер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.
Жауаптылардың айтуынша, көмекші азаматтар өз қызметін ерікті негізде жүзеге асырып, ішкі істер органдарына заң шеңберінде көмек көрсететін болады. Басты мақсат – қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, төтенше жағдайларда көмек көрсету және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Айдын КӘЛІМХАН





