Жетісу облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары оң нәтиже көрсетіп келеді. Өңірде жыл қорытындысы бойынша 11 айда 338 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы үш жылдың ішінде өңірде жалпы көлемі 1 млн шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Бұл көрсеткіш 13 498 отбасының жаңа пәтерге көшуіне мүмкіндік берді. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға басымдық берілген. Атап айтқанда, 2 362 отбасы халықтың әлеуметтік осал топтары ретінде баспаналы болса, 388 отбасы апатты жағдайдағы үйлерден жаңа қонысқа ауысты.
Тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандарды жаңарту ісі де қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 276 нысан жаңғыртылды. Бұл өңірдегі жалпы қажеттіліктің 55-56 пайызын құрайды. Білім саласына тоқталсақ, 19 жаңа нысан салынып, 22 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Нәтижесінде бала оқытуға бейімделген ғимараттар саны 69-дан 38-ге азайды. Ең бастысы, бүгінде облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапқан.
Медицина саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар: 149 жаңа нысан іске қосылып, 13 мекеме күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ спорт пен мәдениетті дамыту мақсатында 73 нысан пайдалануға берілді. Бұл іске жеке инвесторлар да белсенді атсалысуда. Мысалы, Талдықорған қаласында кәсіпкерлердің есебінен жабық мұз аренасы, спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй және заманауи екі үстел теннисі орталығы салынды. Мұндай қадамдар өңірдегі бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді.





