Бүгін, 2 қаңтарда елдің барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада күндіз көктайғақ байқалады, түнде және таңертең тұман болады.
Өңірлер бойынша жағдай:
Ақмола облысында батысы мен оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ орын алады. Батысы, солтүстігі және шығысында тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Түркістан облысында кей уақытта тұман болады, таулы аймақтарда тұман басым.
Маңғыстау облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ байқалады. Тұман түсіп, жел солтүстік-шығыстан, кейін солтүстік-батыстан соғып, екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысында, оның ішінде Орал қаласында тұман мен көктайғақ тіркеледі.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады. Тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Абай, Қызылорда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстарының кей аумақтарында қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ пен тұман байқалады. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Жалпы республика аумағында жел бағыты өзгеріп, кей өңірлерде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және жолға шыққанда барынша абай болуға шақырады.





