Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген көлемді сұхбатында қоғамда қызу талқыланған бірқатар өзекті мәселелерге нүкте қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барып, Ресей басшысымен кездесуі желіде түрлі қауесеттердің тууына себеп болған еді. Кейбір ақпарат құралдары мұны «билік транзитіне дайындық» деп бағаласа, енді бірі Ресейдің ішкі саясатқа араласуы ретінде сипаттады.
Алайда Президент бұл кездесулердің астарында ешқандай құпия жоқ екенін ашып айтты. Оның сөзінше, Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты оның жеке өтініші бойынша, ескі досы әрі Еуразиялық ықпалдастықтың негізін қалаушы ретінде қабылдаған.
«Ресей президенті достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді. Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде Әділдік, Заң және Тәртіп қағидаттары орнауы тиіс екенін тағы да қаперге салды. Ол Тұңғыш президенттің мемлекеттілік іргетасын қалаудағы, нарықтық экономиканы құрудағы және астананы салудағы еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті. Бұл – өткенді өшіру емес, тарихқа байыппен қараудың белгісі.
2029 жылға қатысты айтылып жүрген болжамдарға Президент нақты жауап берді. Оның пайымынша, қазір ел дамуы үшін маңызды кезең, сондықтан саяси ойындарға емес, нақты іске назар аудару қажет.
«Билік транзиті туралы сөз қозғауға әлі ерте. Алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Бұл сұхбат ел ішіндегі түрлі алып-қашпа әңгімелерге тосқауыл қойып, мемлекеттің бағыты тұрақты екенін көрсетіп берді.





