Президенттің тапсырмасы аясында елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз иемденілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 2,1 млн гектар жер мерзімінен бұрын мемлекетке қайтарылды. Бұл үдеріске «Amanat» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы мен құқық қорғау органдары белсене атсалысып, жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етті.
2022-2025 жылдар аралығындағы жер қайтару динамикасы:
2022 жылдан бері жалпы көлемі 14,3 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Оның басым бөлігі, атап айтқанда 12,5 млн гектары – жайылымдық алқаптар. Тексеріс барысында 16,1 мың шаруашылықта мал мүлдем болмағаны немесе жайылымға түсетін күштің тым төмендігі анықталған.
Қайтарылған жерлер қалай пайдаланылуда?
Мемлекет меншігіне өткен алқаптардың 7,7 млн гектары қазірдің өзінде қайта бөлінді:
-
2,7 млн гектар – ауыл тұрғындарының малын жаю үшін ортақ пайдалануға берілді;
-
5 млн гектар – ашық конкурстық негізде жаңа иелеріне ұсынылды.
Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктерге жерді бөлу кезінде бірінші кезекте ауыл тұрғындарының мүддесін және жайылым тапшылығын ескеру жүктелген. Жоспардың мерзімінен бұрын орындалуы еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жаңа серпін беріп, жер ресурстарының ұтымды пайдаланылуына жол ашады. Қазіргі уақытта тағы 7,5 млн гектар жерді қайта бөлу жұмыстары жалғасып жатыр.





