Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы жоғары білім мен ғылымның көшбасшы оқу орны, елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруда айрықша рөл атқарып келетін іргелі университет. Ғасырға жуық тарихында білім ордасы қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген мыңдаған білікті маманды тәрбиелеп шығарды.
Классикалық университет дәстүрін сақтай отырып, заман талабына сай жаңашыл білім беру моделін жүйелі түрде жүзеге асырып келетін оқу орны құрамында гуманитарлық, жаратылыстану, әлеуметтік, экономикалық және техникалық бағыттағы факультеттер жұмыс істейді. Оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға негізделіп, еңбек нарығының сұранысын ескере отырып әзірленген. Ал университеттің басты артықшылығы – жоғары ғылыми әлеуеті. Мұнда ғылым докторлары, PhD докторлар, профессорлар мен халықаралық деңгейде танылған ғалымдар еңбек етеді. ҚазҰУ базасында ғылыми-зерттеу институттары, заманауи зертханалар мен инновациялық орталықтар жұмыс істеп, іргелі әрі қолданбалы ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жетістіктер білім беру үдерісімен тығыз сабақтасып, студенттердің зерттеушілік қабілетін дамытуға жол ашады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық білім кеңістігінде де өзіндік орны бар оқу орны ретінде танылған. Білім ошағы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып, академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламаларын табысты іске асырып келеді. Халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштер ҚазҰУ-дің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.
Студенттер үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасы қалыптасқан университет қалашығында заманауи жатақханалар, ірі кітапхана кешені, цифрлық білім ресурстары, спорттық және мәдени нысандар бар. Жастар ғылыми, шығармашылық, спорттық және қоғамдық ұйымдарға белсенді қатысып, өздерінің тұлғалық және көшбасшылық қабілеттерін шыңдайды.
ҚазҰУ түлегі – бұл белгілі бір мамандық иесі ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін, ел дамуына үлес қоса алатын саналы азамат.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бұл тек білім беретін мекеме емес, ол – ғылым мен тәрбиені, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген іргелі білім ордасы. ҚазҰУ – ұлт болашағын айқындайтын білім мен ғылымның алтын бесігі.
Гүлназым СУПУГАЛИЕВА





