Кейінгі жылдары қызметкерлер арасындағы ауыс-түйіс мәселесі жиі қозғалып, арнайы жобалар жүзеге асып жатыр. Әсіресе, спорт саласындағы өзгерістер өзекті болып тұр. Жетісу облысының дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл журналистермен болған брифингте ротациялау жөнінде айта келіп, облыстағы 8 мекеменің басшысы ауысатындығына тоқталды.
Былтыр Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енді. Негізгі өзгерістердің бірі – мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымында кемінде 4 жыл жұмыс жасаған бірінші басшыларды ротациялау. Осы ережеге сәйкес Жетісу облысында ротациялауға жататын спорт мекемелерінің бірінші басшылары арасында ауыс-түйіс жүргізіледі.
– Ротация – бұл тек кадрлық өзгеріс емес, ол басқару сапасын арттырудың, тәжірибе алмасудың және әділ бәсекелестік қалыптастырудың маңызды тетігі. Бүгінгі күнге ротацияға жататын Жетісу облысының спорт мекемелеріндегі бірінші басшылардың тізімі бекітілді (8 мекеменің басшысы – Ақсу ауданы БЖСМ (Шалапов Б.Р.), Кербұлақ ауданы БЖСМ (Джапаров А.Д.), Сарқан ауданы БЖСМ (Балабеков Д.К.), көгалдағы хоккейден МБЖСМ (Орман М.М.), Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы (Бақтыбаев Е.Ш.), Олимпиадалық резервтер дайындау орталығы (Мамыров М.С.), мектеп-интернат-колледжі (Касимов Б.З.), волейболдан БЖСМ (Асылхан А.А. ). Ережеге сәйкес, қаңтар айында комиссия отырысы болады, одан кейін, бір ай ішінде мекеме басшылары ауыстырылады. Өзгерістер негізінен, саланы басқарудың ашықтығын, қаржыландыру тиімділігін арттыру және саланы орнықты дамыту мақсатымен енгізілді, – деді өз сөзінде Ұлан Ғалымұлы.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





