Талдықорғанда кибералаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүріп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік күндер аяқталғанымен, алаяқтардың белсенділігі төмендеген жоқ. Керісінше, қылмыскерлер заманауи технологияларды пайдалана отырып, азаматтарды алдаудың жаңа әдістерін ойлап табуда. Осыған байланысты Жетісу облысының киберполиция қызметкерлері қаланың орталық көшелері мен сауда-ойын-сауық орталықтарында түсіндіру жұмыстарын бастады.
Тәртіп сақшылары халықты ақпараттандырудың заманауи тәсілдерін қолдануға көшкен. Қазіргі уақытта қаланың банкоматтары маңында арнайы полиция қызметкерлерінің макеттері орнатылған.
Бұл макеттердің ерекшелігі – оларда арнайы QR-кодтар орналасқан. Кез келген азамат кодты сканерлеу арқылы:
-
Алаяқтықтың ең көп таралған түрлерімен таныса алады;
-
Күмәнді жағдай туындағанда жасалатын әрекеттер алгоритмін біледі;
-
Қорғану жолдары туралы өзекті ақпаратты жедел алады.
Киберполиция мамандарының айтуынша, азаматтар алаяқтардың айла-тәсілдері туралы неғұрлым көп білсе, қылмыскерлердің өз арам ойын іске асыру мүмкіндігі соғұрлым азаяды. Іс-шара барысында полицейлер тұрғындарға ескертулер жазылған ақпараттық брошюралар таратты.
Полицияның негізгі кеңестері:
-
Жеке деректеріңізді (ЖСН, банк картасының нөмірі, SMS-код) ешқашан бөгде адамдарға бермеңіз.
-
Белгісіз сілтемелерге өтпеңіз және күмәнді сайттарға тіркелмеңіз.
-
Банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі болып хабарласқандарға сақтықпен қараңыз.
Жетісу облысы аумағында кибералаяқтықтың алдын алу жұмыстары тұрақты негізде жалғасады. Есіңізде болсын, қауіпсіздік — әр адамның сақтығынан басталады. Күмәнді жағдай орын алса, дереу 102 арнасына хабарласыңыз.





