«Жалған нөмір» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Талдықорғанда патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзған жүргізушіні анықтады.
«Қорғау» мобильді қосымшасын пайдалану арқылы полиция қызметкерлері Ескелді ауданының 24 жастағы тұрғыны басқарған «Kia Sorento» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында соңғы бір жыл ішінде Алматы, Жетісу облыстары аумағында аталған көлікке қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері бірнеше рет тіркелгені анықталды. Төленбеген әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 3 578 120 теңгені құрады. Заң талаптарына сәйкес жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік көлік құралының иесіне жүктеледі. Әкімшілік заңнама нормаларына сәйкес автокөлік ұсталып, Талдықорған қаласындағы арнайы айып тұрағына қойылды.
Әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтару, сондай-ақ, ірі қарызы бола тұра көлік басқару заңды өрескел бұзуға жатады. Мұндай құқықбұзушылықтар көлік құралын басқару құқығын шектеу және автокөлікті эвакуациялау сияқты мәжбүрлеу шараларына әкеп соғады.
Полиция жүргізушілерді заң талаптарын уақытылы орындауға шақырады және рөлдегі жауапсыздық қайғылы жағдайларға жеткізуі мүмкін екенін ескертеді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі





