Еліміздің Ішкі істер министрлігі 9-12 қаңтар аралығында республикалық деңгейдегі «Қару» жедел іс-шарасын өткізіп, оның қорытындысын жариялады. Төрт күнге созылған рейд барысында полиция қызметкерлері заңсыз сақталған көптеген қару-жарақ пен оқ-дәрілерді анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысының нәтижесінде заңсыз айналымнан барлығы 340 бірлік қару мен 2 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Ең маңыздысы, алынған заттардың арасында 14 криминалдық қару бар. Оның сегізі 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қолды болса, алтауы бұрын жоғалғандар тізімінде тұрған.
Жедел іс-шара аясында алыстағы мал жайылымдары мен шаруа қожалықтарына да ерекше көңіл бөлінді. Тексеріс барысында шеткері аймақтардағы қожалықтардан 70 атыс қаруы тәркіленіп, олардың заңдылығы тексерілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Полицияның түсіндіру жұмыстарынан кейін ел тұрғындары саналылық танытып, 35 қаруды өз еркімен тәртіп сақшыларына табыстады. Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған арсеналды өз бетімен тапсырған азаматтардың қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен толық босатылатынын тағы да еске салады.





