Қазақстанда кешкі сағат 20:00-ден кейін алкоголь сатуға тыйым салу ұсынылды.
Бұл туралы 7-SU.KZ ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкоголь өнімдерін сатуға шектеу енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бөлшек сауда дүкендерінде алкогольді сағат 20:00-ге, ал кафе мен мейрамханаларда 22:00-ге дейін ғана сатуға рұқсат беру керек. Магеррамов тиісті депутаттық сауалды премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады.
Магеррамовтың айтуынша, елдегі ауыр қылмыстардың едәуір бөлігі мас күйде жасалады.
“Әрбір екінші адам өлтіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жартысынан астамы, әрбір үшінші зорлау, бұзақылық, тонау және жол-көлік оқиғаларының айтарлықтай бөлігі алкоголь тұтынумен байланысты”, – дейді ол.
Депутаттық сауалда алкогольдің жасөспірімдерге қолжетімділігі мәселесі де көтерілген. Депутаттардың пікірінше, сауда нүктелерінің көп болуына байланысты кәмелетке толмағандарға алкоголь сатылған, сатылмағанын толық бақылау мүмкін емес.
Осыған байланысты депутат:
- алкогольді балалар мен білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста сатуға тыйым салуды;
- сауда нүктелерінің санын қысқартуды;
- алкоголь өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізуді ұсынады.
Депутат алкогольді онлайн сатуға толық тыйым салуды, оны сатуға рұқсат етілетін орындардың нақты тізбесін бекітуді сұрады. Сондай-ақ балалар мен жастар арасында алкоголь тұтынудың алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама әзірлеуді ұсынды.





