Қоғамда сымсыз смартфонның ар жағында отырып, «алдағы өміріңді болжап беремін» деп жарнама жасап, ауадан ақша тауып жатқан бақсы-балгерлер жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай көбейіп барады. Ең сорақысы –балгердің сандырағына сенгендердің көбі қарапайым қазақтың қаракөз қыздары. Аңқау елге арамза балгер болғандарға заң бар ма? Қазақ қыздары неге жалған үмітке сенеді? Сауал көп, жауап ізделік.
Тағдырды таразылап, адам өмірінің әр сәтін рет-ретімен қоятын Жаратушы барда, пенденің болашағын болжатуы қаншалықты қисынды?! Соған қарамастан басына қиындық түссе шарасыздықтан балгерлерге жүгінетіндер де баршылық.
Бұрын бақсылар ауыл-ауылды аралап, кейбіреуі қара базарда құмалақпен бал ашып отыратын. Ал қазір «Арадағы арақашықтық ештеңе шешпейді» деп есімі мен жасына қарап, картамен-ақ алдында не күтіп тұрғанын айтып береді. «Instagram», «TikTok», «Telegram» сияқты платформаларда «тағдыр ашу», «болашақты көру», «махаббатты қайтару», «байлық шақыру» сияқты қызметтерді жарнамалап отырғандар аз емес. Ең сорақысы – картамен бал ашып, алдағы өмірін болжатып отырғандар қазақтың қыз-жігіттері. Осылар қалай болжайды екен деп әлгі көріпкелдің тікелей эфиріне кірдім. Аккаунтының төбесіне каспий нөмірін жазып қойыпты. Эфирге мыңға жуық адам жиналған. Бір сұрағы 500 теңге, екі сұрақ қойсаңыз жеңілдік жасап жауап береді, ал толық бал ашу 1 айға 10 мың теңге екен. Минут сайын сұрақтар қойылып, балгердің шотына ақша аударып жатты. Эфирді біраз уақыт бақылап отырдым. Бір түсінгенім адам қиындық көріп, күйзеліске ұшырағанда не істерін білмей осындай бақсы-құшынаштарға ұрынатын көрінеді. Бірі отбасындағы ұрыс-керістің жиілеп кеткенін айтып шағымданса, енді бірі жұмысындағы сәтсіздіктерге налиды. Кейбірі «жолым жабық па?», «біреу дуалап қойған жоқ па?» деген сұрақтар қояды. Ал балгер болса, әр сұраққа сенімді дауыспен, ойланбастан жауап беріп отыр. Арасынан бір сұраққа ерекше мән беріп қалдым.
«Қашан сәбилі боламыз?». Балгер сәл кідіріп: «Бір немесе үш жылдың ішінде балалы болып қалуларыңыз мүмкін, асығыстық танытпаңыздар», – деп жауап берді. Бір жыл мен үш жылдың арасы едәуір уақыт қой, бұған сену тіпті қиын емес пе? Әлгі болжатқан кісі көріпкелге алданғанын енді түсінген шығар десем, «Әмин, айтқаныңыз келсін» деп картаны бір-екі рет сапырып, екі-ақ ауыз сөз айтқан кісіге құдайдай сеніп отыр. Сонда халық шынымен бос нәрсеге сенгіш, аңқау ма әлде әдейі істеп отыр ма? Әдейі жазды дейін десем мыңнан астам адам ақшаларын аямай салып жатыр. Бұл тек бір-ақ адамға түсетін қаржы. Ал әлеуметтік желіде отырған көріпкелсымақтың қарасы көп. Соқыр сенімнің жетегіне еріп, алаяқ бақсы-балгердің арбауына түсіп жатқан жандарды көріп жүрегің ауырады.
Кейін тағы да осындай сұрақтар легі тоқтаусыз жалғасты. «Жақында жұмыс таба аламын ба?», «Несиемді қашан жабамын?» деген сауалдар қарша борады. Балгердің жауаптары да бір-біріне ұқсас: «сабыр сақтаңыз», «жолыңыз ашылады», «кедергі бар, бірақ оны тазартуға болады». Әр жауаптың соңында міндетті түрде қосымша қызмет ұсынылады. Яғни, тағы да ақша. Сіз қосымша ақша төлеу арқылы тағдырыңызды екі есеге біліп кетпейсіз, керісінше екі-үш есеге шығынға ұшырайсыз.
Тікелей эфирде отырамын деп таңның қалай атқанын байқамай да қалдым. Түн ұйқымды ұрлаған «TikTok»-та алаяқ бақсы-балгерлерге алданып жатқан халықты көріп қатты қынжылдым. Ертеңімізді болжайтын бақсы-балгер емес. Сондықтан Жаратушыға ғана сеніп, жалған үміт арқаламай, арамза балгерлердің арбауынан сақтанайықшы.
Жұлдыз КЕНТБАЕВА,
ЖУ студенті





