Елімізде су ресурстарын қорғау мен оны ұтымды пайдалану мәселесі жаңа деңгейге көтерілді. Егер қоғамдық тәртіпті полиция күзетсе, су айдындарының заңдылығына енді бассейндік су инспекциялары тікелей жауап береді. Жаңа Су кодексінің қабылдануымен бұл органдардың құзыреті айтарлықтай кеңейді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Ескі жүйенің кедергілері артта қалды
Бұрынғы заңнама бойынша инспекциялардың қолы байлаулы болатын. Кәсіпкерлік кодекстің қатаң талаптары салдарынан кез келген тексеруді алдын ала тіркеп, кәсіпкерге хабарлау міндеттелді. Бұл суды заңсыз ұрлап жатқандарды немесе су қорғау аймағында заңсыз құрылыс салғандарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік бермеді.
Жаңа Су кодексі: 53 және 52-баптар не береді?
Жаңа заңнамалық түзетулер инспекцияларға «жедел әрекет ету» құқығын берді. Енді мамандар мынадай шараларды жүзеге асыра алады:
-
Тұтқиылдан тексеру: Заңбұзушылық үстінде (суды заңсыз алу, тыйым салынған қызмет) анықталса, ешқандай ескертусіз және алдын ала тіркеусіз тексеру жүргізіледі.
-
Қатаң санкциялар: Су пайдалану көлемін шектеу, рұқсат қағазының күшін тоқтата тұру немесе одан мүлдем айыру.
-
Әкімдіктерді бақылау: 2025 жылғы желтоқсаннан бастап инспекциялар жергілікті әкімдіктердің су қорын қорғау бойынша жұмысына жоспарлы тексеру жүргізуге құқылы. Егер атқарушы органдар өз міндетіне салғырт қараса, оларға да әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.
Бақылаудың нақты нәтижелері
Инспекциялардың жұмысы күшейтілгенінің жемісін бүгінгі сандардан көруге болады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша:
-
503 тексеру жүргізілді;
-
596 заңбұзушылық анықталып, 161.6 млн теңге айыппұл салынды;
-
Оның ішінде суды рұқсатсыз пайдаланғандарға 75.2 млн теңге көлемінде 365 айыппұл кесілді.
Министрлік құрылғаннан бері инспекция штаты 98-ден 204 қызметкерге дейін, яғни 2 есе артты. Қазір әр облыс орталығында бөлімшелер жұмыс істеп тұр.





