Небәрі 2-3 жастағы балалар тіс дәрігерінің қабылдауында болып үлгереді. Қазір «Қалайша?» деп таңғалудың қажеті жоқ. Себебі балалардың тістері өте әлсіз. Сондықтан болар тіс ауруы бүгінгі күннің басты мәселесіне айналуда.
Бала тісінің ерте шіріп, құрт түсіп, сынғыш болуына, ұры тіс шығып, қисық өсуіне, жиі ауырсынуына дұрыс күтім жасалмаса, болашақта күрделі стоматологиялық ауруларға алып келеді.
Дәрігердің айтуынша, қазір ауыз қуысы сау бала жоқ. Тісін емдетуге келген екі баланың бірінде тісжегісі, тістің құрттауы, ұры тістің шығуы мен түрлі асқыну анықталады. Сондықтан баланың тісі ауырмаса да жылына екі рет медициналық тексеруден өтіп тұруды әдетке айналдыру қажет. Себебі, тіс ауруының асқынған түрін емдеу өте күрделі. Ал уақытында емделмеген тіс түбінде жұлынады. Тісі түгел емес бала әріптерді дұрыс айтпай, кейін сөйлеуіне кедергі келтіретіні анық. Сондай-ақ, ауыз қуысындағы өзгерістен соң, тіс өз орнына емес, жанында түсіп қалған бос тістің орнына қисайып өседі. Мұның барлығы баланың жақ сүйегінің дұрыс дамымауына әкеп соғады. Осындайда дәрігерге қаралып, қай тіс артық болса, алып тастап немесе емдетіп, қалған тістің түзу шығуына жағдай жасаған жөн. Дәрігер баланың ауыз қуысын қарап, пластинка қояды немесе брекет кигізеді. Осылайша жақ сүйегін дұрыстап, тістің қалыпты өсуін қамтамасыз етеді. Пластинка 12 жасқа дейінгі балаларға қойылса, 15 жастан 40 жасқа дейін брекет салынады.
Талдықорған қаласындағы «Dental» клиникасының стоматолог-дәрігері Әли Амангелдіұлының айтуынша, ауыз қуысында 2000-ға жуық микроб болатыны ғылыми негізде дәлелденген. Егер бала аузын шаймаса, тісін тазаламаса, тістің үстіндегі микроб күн сайын тіпті, сағат сайын көбейеді.
Баласын жетектеп келетін ата-аналар саны күн сайын артуда. Күніне 5-6 ем жүргіземін. Ем аяқталған соң міндетті түрде дәрігерлік кеңесімді айтамын. Бірақ оны бірі тыңдаса, бірі тыңдамайтыны анық. Балалар тісінің ерте бүлінуінің негізгі себептері – дұрыс гигиена сақтамау, тәтті тағамдарды көп тұтыну, түнгі уақытта тіс жумау және ата-аналардың уақытылы тексеріске әкелмеуі. Десе де соңғы жылдары мамандардан алдын ала кеңес алуға келетін ата-аналар көбейді. Олар баланың тісін қалай күту керек екенін ерте білгісі келеді. Бірақ көбі баланың тісі анасының жүктілік кезеңінің сәтті өтуіне байланысты екеніне мән бермейді. Жүктілік кезінде ананың дұрыс тамақтанбауы, дәруменнің жетіспеушілігі, ауыр сырқаттар баланың тіс эмалінің әлсіз болып қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан дана халқымыздың «бала құрсаққа біткен сәттен бастап тәрбиелеу керек» деген аталы сөзіне құлақ түргеніміз жөн,– дейді білікті дәрігер.
Тіс емдеуде севоран қауіпсіз анестезия түрі де қолданылады. Бірақ оны барлық балаға бірдей қолдануға тыйым салынады. Көбіне қорқақ, кішкентай немесе ерекше күтімді қажет ететін балаларға дәрігердің толық тексеруінен кейін ғана қолданылады.
Ал тісжегісі мен оның асқынуына басты себеп – тәттіні шамадан тыс жеу, газдалған тәтті сусындарды ішу. Балалардың тамақтану әдебінің дұрыс сақталмауы да осы дертке шылдықтырады.
Бала күнімізде қазіргідей алуан түрлі тәтті болған жоқ. Тек «карамель» деген конфет болатын. Оны да күнде жемейтінбіз. Есесіне, сүйек мүжіп, етті көп жедік. Сүйек мүжіген сайын иектегі бұлшық еттер қатайып, тісіміз мықты болды. Шикі бидайды шайнап, сағыз жасап алатынбыз. Мұның да тіске пайдасы зор. Ерте көктемде піспеген қатты, көк алманы жедік. Біле білген адамға мұның пайдасы ұшан-теңіз. Қазір де балаларға көк алма жегізген абзал. Бірақ… Қазір ата-аналарын жылап қорқытатын балалар бірден дүкенге жүгіреді. Көздің жауын алатын неше түрліні алады. «Болмайды. Оның құрамында зиянды зат көп» деп түсіндіріп жатқан әке-шешені өте сирек кездестіремін. Таңдағанын алып ішіп, жегеннің нәтижесі міне көз алдымыздан өтіп жатыр. Ал біз дүкеннен қалауыңды алып жеу дегенді кейіннен білдік қой. Балаға құнарсыз асты берген ата-ана мейірімді емес, нағыз қатыгез деп айтар ем. Әсіресе, баланы жарық өмірге алып келген ана баласының ішкен суын, жеген асын ерекше қадағалауы тиіс. Біз саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеуді ұмытпасақ екен деймін, – дейді зейнеткер Күлтай БОЛТАЕВА.
Баланың ең алғаш сүт тістері шыққанда қызуы көтеріліп, іші өтіп, мазасы кетеді. Мұндай қиындықпен бетпе-бет келмеген ата-ана жоқ шығар сірә!? «Баланың тісі ауырсынбай шықсын, мазасызданбасын» деп түрлі жақпамай да қолданамыз. Бірақ соңғы кездері осы жақпамайды пайдаланған соң керісінше тіс уақытында шықпай, шықса да тез құрттайды деген деректерді де көз шалып қалды. Бұл турасына дәрігердің берген кеңесіне құлақ асқан жөн. Ақ халатты абзал жанның айтуынша, ауырсынуды басу үшін қызыл иекке жағатын жақпа майды дәрігерлердің бірі қолдаса, енді бірі құптамайды. Тіс табиғи түрде өзі шығуы керек деген ақыл-кеңес айтады. Себебі, медицинада оның пайдалы немесе зиян екенін әлі күнге нақты дәлелденбеген.
Балаларымның тісі шынымен әлсіз. Олар 3-4 жасында-ақ тіс дәрігерімен танысты. Сүт тістерінің бәрі қарайып, құрттап кетті. Меніңше, бұл экологияның, дұрыс тамақтанбаудың салдары. Кішкентай күнімде тісімнің ауырғаны есімде жоқ. Себебі бізге аналарымыз тәтті көп бермейтін. Қазіргідей дүкен сөрелерінде де газды сусындар толып тұрмайтын. Қазір өзім ана болсам да «болмайды» деген сөзді жиі айта алмай қаламын. Жегісі келген дүниелеріне көп шектеу жасамаймын. Себебі, кешегі мен бүгінгі заманды салыстыра алмаймыз ғой. Бірақ ұл-қызымды міндетті түрде жылына бір рет дәрігерге апарамын. Екі мезгіл міндетті түрде тістерін тазалайды. Бұл әдетті жастан асқан соң үйреттім. Тіс пастасының да зиянсыз болғанына қатты мән беремін. Десек те, емді жиі қабылдаймыз, – дейді қала тұрғыны Жанар ТҮМЕНБАЕВА.
Ауыз қуысындағы шырышты-кілегей қабықтың қабынуы баланы біраз әуреге салады. Дерт алдымен ауыз қуысы, тіл, таңдай, еріндердің үстіне аппақ жаралар шыға бастайды. Кейін аузы ашылып, ауа, су, тағам тиген сайын аши түседі. Стоматит кезінде шайнау, жұтыну, сөйлеу қиындайды. Мамандар мұндайда анализ бен дәрі-дәрмек керек, әйтпеген жағдайда инфекциямен күресу қиынға түсетінін айтады. Стоматит кезінде ащы, қышқыл, ыстық тамақ пен судан, тітркендіргіштерден аулақ болған жөн.
Дәрігер кеңесі
Ең алдымен жас ана жүктілік кезде құнарлы тағамдар ішіп, түрлі витамин тұтынғаны жөн. Әсіресе, жүктіліктің 18 аптасында баланың тісіне қажетті кальций витаминін қолданғаны дұрыс. Баланың сүт тісін тазалауға ешкім мән бермейді. Ал сүт тістері зақымданған болса, орнына сау тіс шықпайды. Сондықтан әрбір ата-ана астан кейін міндетті түрде баланың тісін тазалауды әдетке айналдырып, қадағалап отыру керек. Сонда ғана тіс саулығына кепіл беріледі. Өкінішке орай бүгінде ауыз қуысы 100 пайыз сау бала жоқ. Баланы 1 жасынан бастап тіс тазалауға үйрету керек. Алдымен ойын түрінде, ата-анамен бірге тазалау арқылы әдетке айналдырған дұрыс. Ең бастысы – ата-ананың өзі үлгі болуы керек. Балалар жылына кемінде 2 рет стоматологқа профилактикалық тексеріске келуі қажет. Баланың тісін ауырып кеткенде емес, алдын алу үшін тексертіп, тәтті тағамнан шектеңіз. Тісі сау бала – дені сау бала екенін жадыңыздан шығармаңыз, құрметті ата-ана.
P.S. Балаларға арналған жұмсақ тіс тазалағышын алып, тек құр сумен жууды, ауызды қалай шаю керек екенін үйретіңіз. Сүт тістері әлсіз, сезімтал болғандықтан, құрамына химиялық заттар қосылмаған, жеңіл тіс пастасына жүгініңіз. Оны қолданарда да мұқият болып, аз мөлшерде ғана қосып жудырту қажет. Алты жастан бастап баланың ауыз қуысының саулығы тістің тазалығымен тікелей байланысты. Ал бала 7 жасқа толғанда тұрақты тістер пайда болып, уақытша тістер түсе бастайды. 12 жаста тұрақты тістердің барлығы шығып болады. Осы уақытта тіс сау болмаса, ауыз қуысы бұзылады. Ал 15 жаста тұрақты тістердің түбірі қатаяды. Бала жүйке, жүрек, омыртқа ауруларына шалдыққан болса, жылына үш рет тіс дәрігеріне апарған жөн. Мәселен, төменгі самай буыны омыртқа ауруымен тікелей байланысты.
БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЕҢ БІРІНШІ АТА-АНА ЖАУАПТЫ. Сондықтан бұл міндетке бейжай қарамай, перзентіңізге ЖАНАШЫР болыңыз.
Еңлік КЕНЕБАЙ







