Мына қызыққа қараңыз, жасы 50-ге келсе де балалығы қалмаған адамдар болады. Сондай кісілердің біреуі тәттіге құмарлығы үшін қамауға алынған.
Тәтті жегені үшін емес, тәтті ұрлағаны үшін. Айдың-күннің аманында Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылындағы дүкендердің бірінен 49 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны 4 қорап «Mercі» шоколадын ұрлаған.
Аудандық құқық қорғаушылардың айтуынша, ұры күндіз Бақтыбай ауылына танысын іздеп барған. Алайда іздегенін таппаған, кездесу болмаған. Себебі, танысы сапарлап кеткен. Қайтар жолда дүкенге бас сұғады. Біршама уақыт сонда болады. Сатып алушылар көбейген сәтте сөредегі шоколадты қойнына жасыра қойған. Қазір дүкендердің дені бақылау камерасы барын ұмытса керек. Қазір күдіктіден жауап алынған, ол кінәсін толық мойындап отыр.
Енді не болмақ? Тәттіқұмар кісіге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ұрлық жасағаны үшін мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу, сондай-ақ 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Дастанбек САДЫҚ




