Талдықорған қаласының облыстық №1 балабақша-мектеп-интернат арнайы кешенінің 5-сынып оқушылары Алматы қаласында өткен республикалық «Мәңгілік Ел» жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауында Бас жүлдені иеленіп, көпті сүйіндірді. Өңір мерейін өсіріп жарқын жеңіске жеткен жеткіншектерді мектеп ұжымы салтанатпен қарсы алды.
Байқау «Дала дарыны» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен. Сахнаға шыққан 11 оқушы бір ай бойы тынбай дайындалған заманауи биін жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының да, көрерменнің де ыстық ықыласына бөленеді. Әр қимылда еңбек, әр ырғақта сенім көрсеткен оқушылар көптің үмітін ақтады. Топ жетекшісі жеңістің оңайлықпен келмегенін айтады.
– Бас жүлде аламыз деп ойламадық. Бірақ балалар барын салып биледі. Көңіл-күйіміз ерекше. Бұған дейін тек мектепішілік шаралармен шектеліп жүрген едік. Өнер жолында өзімізді сынап көру үшін үлкен байқауларға қатыса бастадық. Соның нәтижесі – бүгінгі жеңіс, – дейді би тобының жетекшісі Индира Немербаева.
Бұл жетістік бір ғана байқаумен шектелмейді. Бұған дейін «Дарынды мың бала» республикалық байқауында да топ Бас жүлдені иеленіп, Түркия мемлекетіне жолдама алған. Мамыр айының 14-і күні жас өнерпаздар халықаралық сахнаға жол тартады. Бұл олардың шығармашылық жолындағы жаңа белес.
Балалардың әсері де ерекше. Сахна олар үшін үлкен өмірге ашылған есік іспетті.
– Алматыға барып, өнерімізді көрсеткен сәт әлі есімде. Жеңімпаз атанғанымызға қатты қуандым. Мектебімізге оралғанда директорымыздың салтанатты қарсы алуы бізді одан әрі жігерлендірді, – деген 5-сынып оқушысы Әнуар Марғұлан алдағы уақытта халықаралық сахнада өнер көрсететіндеріне дән риза.
Ал би өнерін шын жүрегімен сүйетін Әбілмансұр Нүсіпақын үшін бұл жеңіс – үлкен шабыт.
– Маған би билеу ұнайды. Сахнада өзімізді еркін ұстадық. Жетекшіміздің айтқанын толық орындадық. Соның арқасында жеңіске жеттік деп ойлаймын. Алдағы уақытта да би тобымызбен талай бәйгеде топ жарамыз, – дейді ол сеніммен.
Бас жүлдеге қол жеткізу балалардың таланты мен табандылығының, ұстаз еңбегі мен ата-ана қолдауының нәтижесі екені сөзсіз. «Мәңгілік Ел» байқауында жарқыраған жас өнерпаздар ел ертеңіне деген үмітті еселейді. Балғын жүректен бастау алған би – биік армандарға жетелейтін үлкен жолдың басы.
Айта кетейік, Талдықорған қаласының облыстық №1 балабақша-мектеп-интернат арнайы кешенінде бүгінгі таңа 124 оқушы оқиды. Ондағы жеткіншектер сурет салу, би, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, таэквандо, футбол, үстел тенисі, ағаш шебері, роботатехника сынды 18 үйірмеге қатысады.
Медет ЖҰМАБАЙ





